Ұшақ Бейжіңдегі ең биік 109 қабатты ғимаратқа соғылды (ВИДЕО)

Бүгін, 21:08 / Жамбыл Жайлау
wikipedia.org

Бейжіңдегі ең биік зәулім ғимарат – CITIC Tower, яғни China Zun мұнарасына шағын ұшақ соғылды. Оқиға жұма, 26 маусым күні күндіз болған, деп turkystan.kz тілшісі South China Morning Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

109 қабатты зәулім ғимараттың биіктігі 528 метр. Мұнара Қытай астанасының орталығында орналасқан. Куәгерлер түсірген кадрларда ұшақ бөлшектерінің жерге құлап жатқанын көруге болады. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл Sunward SA 60L Aurora маркалы жеңіл спорттық ұшақ болған.

Оқиғадан кейін ғимараттағы адамдар эвакуацияланды. Мұнара маңына өрт сөндірушілер, полиция көліктері мен жедел жәрдем бригадалары жиналды.

Соққыдан кейін көшеге ғимараттың сынықтары мен ұшақ бөлшектері құлаған. Куәгерлердің айтуынша, оқиғадан кейін басынан жарақат алған бір әйел жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.

Полиция ғимаратқа апаратын кейбір жолдарды жауып, оқиға орнына кіруді шектеді. Сондай-ақ тәртіп сақшылары өтіп бара жатқан адамдарға оқиғаны видеоға түсіруге рұқсат бермей жатыр.

Тэгтер:

Ұшақ Бейжің