Кей адамдар неге көзін жартылай ашып ұйықтайды?

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Кейбір адамдар ұйықтап жатқанда көзін толық жұмбайды. Дәрігерлер бұл жағдайды түнгі лагофтальм деп атайды. Мамандардың айтуынша, мұндай құбылыс нәрестелерде, егде жастағы адамдарда, кейбір ауруларға шалдыққандарда және тіпті үй жануарларында да кездеседі, деп хабарлайды turkystan.kz science.mail.ru-ға сілтеме жасап.

Офтальмолог Ольга Охремчуктың түсіндіруінше, нәрестелерде ашық көзбен ұйықтау көбіне жүйке жүйесінің толық жетілмеуіне байланысты қалыпты физиологиялық құбылыс саналады. Әдетте бұл жағдай бала бір жарым жасқа толғанға дейін өздігінен жойылады.

Ал ересектерде көздің толық жабылмауы көбіне белгілі бір денсаулық мәселесінің белгісі болуы мүмкін. Оның негізгі себептеріне бет жүйкесінің салдануы, қалқанша без гормондарының артық бөлінуі, жарақаттар мен операциялардан кейінгі тыртықтар, инсульт немесе бұлшықет әлсіздігін тудыратын неврологиялық аурулар жатады.

Маманның айтуынша, ашық көзбен ұйықтауды әдейі үйрену іс жүзінде мүмкін емес әрі денсаулыққа зиян келтіруі ықтимал. Сондықтан «көзді ашып ұйықтауға болады» деген пікір ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген.

Дәрігер бұл жағдайдың ұзақ уақыт сақталуы көздің құрғауына, қасаң қабықтың зақымдануына, эрозияның пайда болуына және көру қабілетінің нашарлауына әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан ұйқы кезінде көздің толық жабылмайтыны байқалса, офтальмологқа қаралып, оның нақты себебін анықтау ұсынылады.

Тэгтер:

дәрігер көз көзін ашып ұйықтау