АҚШ-та жол қозғалысын бақылайтын камераларға көлік мемлекеттік нөмірінен бөлек көліктегі электронды құрылғылардың сигналдарын анықтайтын жаңа технология енгізілмек. Бұл туралы 404 Media басылымы хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz 404media.co-ға сілтеме жасап.
Жаңа SignalTrace жүйесі автоматты нөмір тану (ALPR) камераларына орнатылып, көлікте жатқан ұялы телефондар, смарт-сағаттар, сымсыз құлаққаптар, ноутбуктер және Bluetooth немесе Wi-Fi арқылы жұмыс істейтін басқа да құрылғылардың бірегей идентификаторларын тіркей алады.
Осылайша жүйе тек көлікті ғана емес, оның ішінде болған нақты адамдардың қозғалысын да бақылауға мүмкіндік береді. Жиналған мәліметтер арқылы белгілі бір адамның қайда және кіммен жүргенін анықтау жеңілдей түседі.
404 Media мәліметінше, жиналған ақпарат құқық қорғау органдарына берілуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, бұл технология қылмыстарды ашуға көмектескенімен, азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмауына қатысты алаңдаушылықты күшейтіп отыр.
Қазіргі уақытта АҚШ-та автоматты нөмір тану камералары кеңінен қолданылады. SignalTrace технологиясы енгізілген жағдайда олардың мүмкіндігі едәуір артып, жол қозғалысын бақылаумен қатар адамдардың орналасқан жері туралы деректерді де жинайтын жүйеге айналуы мүмкін.