Neuralink адам миы арасында тікелей байланыс орнататын технологияны биыл сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы компанияның негізін қалаушы Илон Маск Х әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Масктың айтуынша, жаңа технология адамдарға сөз қолданбай, хабарлама жазбай және ым-ишарасыз-ақ ой арқылы ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Жоба ми сигналдарын бір адамның миынан екіншісіне тікелей жеткізуге негізделген. Оның сөзінше, бұл адамның компьютермен ғана емес, өзге адамдармен де тікелей нейрондық байланыс орнатуына жол ашатын келесі кезең болмақ. Осы мақсатта компания «Telepathy» және «Telekinesis» атауларын тауар белгісі ретінде тіркеген.
Қазіргі уақытта Neuralink ми импланттары арқылы сал ауруына шалдыққан адамдардың компьютерді ой күшімен басқаруына мүмкіндік беретін технологияны сынақтан өткізіп жатыр. Ал ми мен ми арасындағы тікелей байланыс жүйесі әзірге зерттеу және әзірлеу кезеңінде.
Мамандардың айтуынша, мұндай технологияның адамдар арасында толыққанды жұмыс істейтіні әзірге ғылыми түрде дәлелденген жоқ. Сондықтан Масктың биылғы сынақтар туралы мәлімдемесі әзірше компанияның жоспары ретінде бағаланып отыр.