Орынбор десе, елең ететін әрбір қазақ үшін бұл қаланың орны бөлек. Іргесі 1735 жылы бекініс ретінде қаланған көне шаһар халқымыздың тарихымен біте қайнасып жатыр. 1917 жылы дәл осы қалада І және ІІ Жалпықазақ съездері өтті. 1920 жылдың қазан айында Қазақ АКСР-інің тұңғыш құрылтай кеңесі ұйымдастырылды. Ал 1920-1925 жылдар аралығында қазақтың тұңғыш астанасы ретінде ел тарихында өшпес із қалдырды.
Бір ғасыр бұрын қазақ мәдениеті мен руханиятының ордасына айналған Орынбор өңірінде ұлттық өнер мен мәдени мұраны насихаттау ісі бүгінде де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Орынбор өңірінде көптеген игі бастаманың ұйытқысы болып жүрген Жаңабай Айтқалиұлын жұртшылық ерекше құрметтейді. Кәсіпкерлікпен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қайырымдылық ісіне тұрақты қолдау көрсетіп жүрген ол өз қаражаты есебінен талай игі іске мұрындық болған. Әлия Молдағұлова атындағы мешіт құрылысына қолдау көрсетуден бастап, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына дайындауға дейінгі игі жобаларға ұдайы демеушілік танытып жүрген Жаңабай аға елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
«Кәсіпкерлікке бет бұрған кезден бастап, қайырымдылықпен айналыса бастадым. Алайда жеке тұлға ретінде айналысу қиынға соқты. Уақытым тапшы болды. Сосын жұбайым дұрысы қор ашайық деді. Осылайша, «Бәйтерек» деген атпен қайырымдылық қорын аштық. Ақша көп тапқан сайын, көмекке зәру адамдар саны да көбейе түсті. Әсіресе, қазақ тілі мен тарихын білгісі келетін азаматтар қатары артты. Алдымен осы екі істі қолға алдық. Кейін қатарымызға кәсіби мамандар өз еркімен қосылды. Мысалы, осында тұрмысқа шыққан қызылордалық Әйгерім домбыра үйрете алатынын айтып, секция ашты. Басында мен оларға ештеңе төлемедім. Содан соң «Ақыларыңды төлеймін, бірақ көп адам жинаңдар» деп айттым. Осылайша, біздің жұмыс жандана түсті. Қазір қазақ тілі, қолөнер, Орынбор қазақтарының тарихы мен домбыра үйірмесін тұрақты түрде жүргізіп келеміз», – дейді ол.
Бүгінде жеке кәсібі мен қордан бөлек, Орынбордағы аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясына жетекшілік ететін Жаңабай Айтқалиұлы өңірде бірқатар маңызды жобаларды қолға алып, жүзеге асырып жүр.
Осы жобалардың ішіндегі ең іргелісі – биыл Ресей халықтарының бірлігі жылы аясында Орынбордан 60 шақырым жерде орналасқан Соль-Илецк қаласының маңындағы алаңда өткен «Дала тойы» болды. Осымен төртінші рет өткізіліп тұрған «Дала тойы» Қазақстанда ерекше атап өтілетін Наурыз мерекесінен артық тойланбаса, кем тойланбай, келгендерге ерекше әсер сыйлады. Ұлттар достығы мен мәдениеттер үндестігін дәріптейтін бұл іс-шарада қазақ халқының бай рухани мұрасы мен ұлттық өнері кеңінен насихатталды.
Қонақтарды кіреберісте қазақ және орыс ұлттық киімін киген қыз-жігіттер бауырсақ пен қымыз және нан мен кваспен қарсы алды. Алаңқайда ұлттық өнер көрмелері, шеберлік сабақтары мен жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Қонақтар қаз-қатар тігілген 7 киіз үймен қатар, орыс, татар және басқа да ұлттардың тұрмысы мен мәдени ерекшеліктерінен хабар беретін этноауылдарды аралады.
Мерекенің басты өзегі – қазақ халқының бай мәдени мұрасын көпшілікке ұсынған концерт болды. Бес сағатқа жалғасқан концертте ұлттық өнеріміздің сан қыры көрініс тапты. Расында, сахнадағы әрбір қойылым дала тарихының, ұлттық рухтың және ұрпақтар сабақтастығының көрінісі іспетті әсер қалдырды.
Концерт басталмас бұрын ең алдымен қонақтарға бауырсақ таратылды. Үлкен астауға салынған 70 келі бауырсақты көтеріп алып шыққаны сол еді, қонақтар оны таласа-тармаса алып, әп-сәтте таусылып қалды. Біз мұндай көріністі бұған дейін әлеуметтік желілерден көрген едік. Наурыз мерекесінде ұлттық киім киген Орынбор қазақтарының 70 келі бауырсақ пісіріп, көше аралап жүргені таспаланған видеосына көпшілік таңданған еді. Ол кезде Жаңабай Айтқалиұлы бұл істің Ұлыс күні қазақ халқының ұлттық мәдениетін дәріптеп, қонақжайлығын көрсетуді көпшілікке паш етудің айқын көрінісі екенін атап өткен еді.
Осы жолы да бұл дәстүр жалғасын тауып, концерт жүргізушілері бауырсақтың қазақ халқы үшін тек тағам емес, бірлік, береке, бауырмалдықтың символы екенін ерекше атап өтті. Кейін сахна төріне көтерілген өңір ақсақалы жиналған көпшілікке ақ батасын арнап, игі тілегін жолдады.
Мерекеге арнайы қатысқан Орынбор облысының губернаторы Евгений Солнцев қазақ халқының Орынбор өңірінің тарихы мен мәдениетінде алатын орны ерекше екенін айтып, шекаралас жатқан аймақ тұрғындарын жақындастырып тұрған ортақ құндылықтар мен туыстық қатынастың маңызына тоқталды.
«Өткен аптада татарлардың Сабан тойын атап өткен едік. Ал бүгін қазақтардың «Дала тойына» жиналып отырмыз. Бұл екі іс-шара өңіріміздің алуан түрлілігі мен бірегейлігін аңғартады. Аймағымызда 100-ден астам ұлт көп жыл бойы татулық пен бірлікте тұрады. Олар жиі бас қосып, ұлттық әні мен биін дәріптеп, бүгін біз бауырсақтан дәм татқан секілді төл тағамдарын таныстырады. Бүгін біз қазақ мәдениетінің әлеміне үңілеміз. Әлбетте, облыстың әр тұрғыны ол мәдениетпен жақсы таныс. Орынбор облысында 120 мыңнан астам қазақ тұрады. Бұл – өңірдегі тұрғындар саны жағынан үшінші ірі этностық топ. Ерекше атап өтерім, біз іргелес жатқан Қазақстанмен ортақ тарихымыз бар, байланысымыз терең. Ресейде, соның ішінде Орынборда тұратындардың ол жақта туыстары көп. Олар Қазақстанға жиі барып, тіпті сол жақтан теңін тауып жатады. Сондықтан біз қай жағынан алсақ та, жақынбыз. Біз әр ұлттың мәдениеті мен дінін сыйлаймыз! Бүгінгі қазақ мәдениетінің мерекесі құтты болсын. Білуімше, «Алға!» деген сөз татар және қазақ тілінде бір мағынаға ие екен! Сондықтан алға!», – деді өңір басшысы.
Біздің таң-тамаша еткен тағы бір жайт – Орынбор өңірінде қазақтың ұлттық ән-би өнерін насихаттайтын шығармашылық ұжымдар көп екен. Олардың сахналық ұлттық киімдері де көркемдігімен көз тартады. Сахна сыртында өз кезегін күтіп тұрған олармен тілдескенімізде, күннің аптап ыстығында бірнеше сағат бойы күтсе де, еш шаршамағанын, керісінше қазақ мәдениетін осындай үлкен сахналарда насихаттау зор мәртебе екенін мақтанышпен айтып, жамыраса жауап берді. Олардың сөзінше, сан мыңдаған көпшіліктің алдында ән айтып, би билеу оларға үлкен шабыт сыйлайды. Шын мәнінде, олардың төл өнерімізді, әсіресе биді Қазақстандағы деңгейден кем емес дәрежеде меңгергендері таңдай қақтырды. Әсіресе, Орынбор облысындағы екінші ірі қала – Орскіден келген халықтық «Шашу» ансамблінің орындауындағы «Өлмейміз» әні ерекше әсер қалдырды. Ұлттық рух пен мәдени мұраны ұлықтаған туынды ұрпақтар сабақтастығының маңызын айшықтап, көпшіліктің зор ықыласына ие болды.
Кештің көрігін қыздырған ұжымдардың бірі – халықаралық байқаулардың лауреаты Әйгерім Бижанова жетекшілік ететін «Бәйтерек» халық аспаптар ансамблі болды. Әйгерім мен шәкірттері «Ақбұлақ», «Гүлдерайым», «Еркесылқым» туындыларын орындап, қазақ музыкасының тереңдігі мен көркемдігін танытты.
«Орынборда домбыра сыныбы 2019 жылы ашылды. Осы уақытқа дейін 230 бала алдымнан өтіп, домбыра тартуды үйренді. Олардың кемі 100-ден астамы ұлттық аспабымызда шебер ойнайды. Ерекше атап өтерлігі, бізде бәрі тегін. Ешкім ештеңе төлемейді. Ештеңе де сатып алмаймыз. Аспаптарды, ұлттық киімімізді, бәрін «Бәйтерек» қорының басшысы Оксана Балабаева бастаған команда сатып әпереді. Барамын деген конкурсымыздан қалдырмайды. Жолақымызды өтеп, барлық жағдайымызды жасап отыр. Мен Орынбордың қақ ортасында, 235 шаршы метрді қамтитын үлкен ғимаратта домбыра үйірмесін жүргіземін. Бұл – Орынбордың жас өрендерінің ұлттық өнерді еркін меңгеруіне жасалған маңызды мүмкіндік», – дейді Әйгерім Бижанова.
«Бәйтерекпен» қатар, «Томирис» этно-хореографиялық ансамблінің «Жүрек» биі, «Жұлдызай» ансамблінің «Маусымжан» вокалдық-хореографиялық композициясы, «Эльданс» студиясының ұлттық билері көрермен тарапынан жоғары бағаланды.
Күй өнері де назардан тыс қалған жоқ. Орынбор даласында Секен Тұрысбековтің әйгілі «Көңіл толқыны» шығармасын орындаған Сұлтан Тұяқбаев көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ал «Асыл жігіттер» дуэтінің «Алға қазақ жігіттер» әні жастарды елдікке үндеп, жастардың рухын көтерді.
Концертте қазақ ұжымдарымен қатар, орыс, татар, башқұрт, армян, беларусь, грузин, өзбек және басқа да этностардың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, өңірдің көпұлтты мәдени келбетін көпшілікке айқын танытты.
Концерттен бөлек, алаңқайда қазақ күресінен жарыстар мен бас жүлдесі 3,5 миллон теңге болатын аламан, топ бәйге де ұйымдастырылды. Спорттық сайыстарда Ресейдің түрлі өңірінен келген спортшылармен бірге, көршілес Ақтөбе облысының атлеттері де өз шеберліктерін сынап көрді.
Арнайы дресс-код бекітілмесе де, мерекеге қатысушылардың көбі қазақтың ұлттық киімін киіп келіп, іс-шараның этномәдени сипатын айқындай түсті. Олардың арасында Орынбор облысына қарасты Октябрь ауданынан келген 9-сынып оқушысы Линара Ғаббасова да бар.
«Дала тойы» қазақтардың бірлігі жарасқан, мейірбан, қонақжай халық екенін тағы бір мәрте байқатты. Мен былтырғы тойға да келгенмін. Әр келген сайын бойымды мақтаныш кернейді. Осындай мәдениетке бай ұлттың қызы болғанымды мақтан тұтамын.
Маған мұнда бәрінен бұрын аламан бәйге жарыстары ұнады. Қыз бала болсам да, жарысты басынан аяғына дейін бақылап, оза шапқан шабандоздардың аман-есен мәреге жетуін тілеп тұрдым. Одан бөлек, бүгінгі концерт те маған қатты ұнады. Концерттік нөмірлер арқылы біраз нәрсені ұғындым, білмейтінім расында көп екен.
Ел арасында Ресейдегі қазақ жастары өз мәдениетіне қызықпайды деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Орынборда, маңайындағы шағын аудандарда үнемі мәдени ивенттер өтіп тұрады. Жастар да атсалысады, өнерімізді насихаттап, өз ортасында айтып жүреді. Бүгінгідей ұлттық киімімізді әр мереке сайын киіп шығамыз. Тек мейрам күндері емес, қысқа желетке мен тақияларды күнделікті де киіп жүреміз. Әр қыздың гардеробында ұлттық киім бар десем, қателеспеймін», – дейді ол.
«Дала тойы» тек мәдени мереке емес, жастардың бағыт-бағдар берген маңызды алаң бола білді. Линара осы тойда Ресейдегі қазақ көп шоғырланған тағы бір қала – Омбыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы туралы естіп-біліп, алдағы екі жылында қайтсе де, сонда оқуға түсуге оқталатынын айтты.
«Мен Омбыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы бар екенін бүгін ғана естідім. Омбыдан Орынбор жастарына ақпарат беруге арнайы келген Торғын Әшеновадан оқу орны туралы толық мәлімет алдым. Бұйырса, кеден ісі мамандығына оқуға тапсырамын», – дейді Линара сөз соңында.
Былтыр да ауқымды деңгейде өткен «Дала тойы» биыл да Орынбор өңіріндегі қазақ мәдениетінің өміршеңдігін, оның ұлттар арасындағы достық пен өзара құрметті нығайтудағы маңызын көрсетті. Іс-шара Орынбордағы қазақ мәдениетінің дамуын көрсетіп қана қоймай, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен құрметті нығайтуға серпін берді.
«Қазіргідей Ресей халықтарын бір-біріне қарсы қойғысы келетіндер қаптаған заманда біз мәдени ұйымның басшысы ретінде басты міндетімізді абыроймен атқарып жүрміз деп ойлаймын. Қазір Орынбор қазақтары ешкімнен кем емес, бәрімен тең, тіпті кей жерлерде артық дер едім. Спорт, саясат, медицина, ғылымда болсын, кез келген салада өзін танытып жүрген жерлестеріміз жетерлік. Ресей, соның ішінде Орынбор қазақтарының тағы бір маңызды миссиясы бар. Біз Ресей ішіндегі татулық пен бірлікті сақтаудан бөлек, көршілес жатқан Қазақстанмен достықтың берік болуына жауаптымыз. Біз – ұлы өркениеттер тоғысқан Ресей халқының бір бөлігіміз, сонымен қоса біз ұлылығы бір мысқал да кем емес қазақ халқының бөлігіміз. Ресей мен Қазақстан халықтарының арасын жалғайтын біз үшін бірлік пен ынтымақ ерекше маңызға ие. «Дала тойының» жоғары деңгейде өткенін келген қонақтың барлығы айтып жатыр. Есептесек, бұл тойға 25 мың адам келді. Бұл – біз үшін рекорд. Қазақ мәдениеті Орынбор тұрғындары мен қонақтарына қызық. Себебі біздің мәдениет айрықша, біздің мәдениет өзгеше. Бүгін бәрі мәдениетіміздің ерекшелігін атап өтті. Бәріне қонақжайлығымыз және ұнапты. Біз қонақтарды қалай күту керек екенін жақсы білеміз. Себебі қонақжайлық қазақтың қанына біткен асыл қасиет», – дейді сөз соңында Жаңабай Айтқалиұлы.