Біз асқақ Алатаудың тұнық ауасын, кәусар суын тең бөліскен қырғыз елі баспасөзімен тонның ішкі бауындаймыз ба? Осы сұрақ Қазақстан газет-журналы үзбей жариялайтын заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтан бүгінгі ТҮРКСОЙ хатшысы Сұлтан Раевқа дейінгі қаламгерлер хақындағы тұлғалық портреттерді, мақалаларды оқыған сайын еске түседі. Жақсылықтан үміттеніп, біздің Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, кейінгілерден Мұхтар Шаханов әр мерейтойында ескеріліп жатқан шығар дейміз. Неге нақты білмейміз?
1992 жылдан бері жеке адамдар түгілі ірі кітапханаларымыз журнал да, газет те алмаспайды. Өзбек ағайын әзілімен айтпақшы, «Гугл-ака» орыс қарпіндегі жазу болмаса, біздің «қырғызша», «өзбекше», «әзербайжанша», «түрікменше» жазуымызды танымайды (әрине, олардың «қазақшасын» да). Кеңестік ала-құла алфавит бір басқа, олардың кейінгі «латыншасы» – күрделі мәселе. Қырғыз ағайын біз секілді әлі кирилл қарпінде.
Осыдан екі жыл бұрын Түрікменстанға жол түсті. Бұрын бармаған жұрт еді. Маңғыстаудың арғы жағындағы «мынау тұрған» Ашхабатқа Ыстанбұл арқылы (ортадағы аялдауды қосқанда) ұшақпен 16 сағатта жеттік. Кімнен қауіптенетіні белгісіз, жеке өзіңіз ғылыми мекемесіне де, университетіне де, газет-журналына да бас сұға алмайсыз. Түрікменше, орысша шығатын бас газеттерінің редакторларына Қазақстандағы елшісі арқылы әрең хабарласып, қонақүйге шақырып кездестік. Сол түрікмен әріптестерге айттық: «Мақтымқұлыны, Абайды білеміз, ұлттың бұрын айтылмаған 25-30 тұлғасын белгілеп, біз – сіздердікіні, сіздер – біздікіні насихаттайық. Сондай-ақ әр саланың 10-15 ғалымын сіздер түрікменше, біз қазақша сөйлетейік. Қарапайым ғана бастама. Келісесіздер ме?» деп. Олар көңілімізді қимай құлықсыздау бас изеді. Ұят та болса айтайық, негізінен бұл – сол мемлекеттегі, біздегі елшілердің жұмысы. Ұсыныс орындалмай қалды.
Қазақ газеттеріне жиі жарияланатын қырғыз ғалымы – шыңғыстанушы, академик Абдылдажан Ақаматалиев. Жастай Алматыға жиі келіп, аға буын академиктер Зейнолла Қабдолов пен Серік Қирабаев бастаған марғасқалардан бата алған. Биыл 70-ке толды. Сол кісіге бұрын: «Әбеке, біздің ғалымдарды қырғыз газет-журналдарына шығаруға көмектесіңіз!» дейміз ғой. «Жоқ!» дей алмайды. Бірақ «Абдан кыйын суроо» деп қояды...
Былтыр Бішкекте өткен қазақ-қырғыз зиялылары форумында «Кыргыз туусу» (Қырғыз туы) газеті бас редакторының орынбасарымен ұшырастық (басшысы іссапарда екен). Бір-бірімізбен ақпарат алмасуды, біртуар зиялыларымызды насихаттауды уағдаластық... Газеттегі қаржылық қиындықтар мен тираждың құлдырауынан маман тапшылығына дейінгі әңгіме арасында 20-жылдардағы бірлік пен 50-80 жылдардағы достықтың жайын сөз еттік.
Қырғыздың ірі тұлғасы, рухани көшбасшысы Ишанғали Арабайұлы (1882-1933) қазақ азаматтарымен бірге Орынбордың «Хусаиния», Уфаның «Ғалия» медресесінде оқыған. «Садақ» журналында қаламын ұштап, «Қазақ» газетіне мақала жазған. Салыстыра айтсақ, Ахмет Байтұрсынұлынан 10 жас кіші, Міржақып Дулатұлынан 3 жас үлкен зиялы. Ташкенттегі «Ақ жол», Алматыдағы «Тілші» газетінде жарияланған мақалалары біршама.
Большевиктік Ресей тарапынан тұтас Түркістанды бөлшектеу науқаны (межелеу яки «размежевание») басталғанда бірлік пен тірлік үшін сол комиссияның құрамында болған. Ақаң әліпбиі, «Тіл-құралы» негізінде қырғыздың тұңғыш әліппесін жазған ағартушы. Қырғызстан енші алғанда осы елдің тұңғыш «Эркин туу» (Еркін ту, қазіргі «Кыргыз туусу» бастауы) газетінің редакторы. Қазір туған елінде бір университет осы тұлғаның атында.
Қазақтың екінші толқын зиялыларымен тағдыры бір Ишанғали Арабайұлының жаппай репрессияға дейін 1933 жылы Ташкенттегі өлімі 1929 жылы Алматыдағы Жалау Мыңбайұлының, дәл сол уақытта (1933) Мәскеудегі Смағұл Садуақасұлының жұмбақ өліміне қатты ұқсайды...
20-жылдардағы қазақ-қырғыз зиялыларының Ташкенттегі, Мәскеудегі суреттері ішінде алабөтен сусар бөрік киген Ишанғалиды көрген сайын осы қапия қазасы ойдан шықпайды.
28 жасында (1911 жылы) қазақ Хафиз Сәрсекеұлымен бірігіп қос ұлтқа ортақ әліппе жазған И.Арабайұлы бүгінгі ұрпағына «Өткен береке-бірліктегі шақты ұмытпаңдар!» деп тұрғандай.
Қырғыз зиялысы десе, ақын, ағартушы, ғалым Қасым Тыныстанұлы (1901-1937) еске түседі. Ол бүгінгі Абай университетінің Ташкенттегі бастауы «Киринпросты» бітірген (1924). Сол қалада шыққан «Ақ жол» газетінің ізашары «Жаңа өріс» газетінде алғашқы бермет жырларын жариялаған. Кейбір қырғыз зерттеушілері мұны «Қасымның қазақша өлеңдері» деп көрсетеді. Біздіңше, ол шақта тіл де, таным да, мүдде де ортақ-тын...
Мүдде дегеннен шығады, міне, қолымызда «Қазақ» газетінің қайта әзірленген 1916-1917 жылғы жинағы тұр. Бұл – қырғыздың аса ауыр үркіншілік кезеңі. Алаш көсемі Ә.Бөкейханнан бастап бауырлас ұлт тағдыры үшін Петербордағы «ГосДумаға» дейін дабыл қағады, көмекке елден жылу жинайды. Дәл осы алғаусыз жанашырлық, жәрдем тарихы – бүгін ескерткіш орнатуға лайықты идея. Мұны да есімізге салған да, салатын да – баспасөз!
Осы әйгілі «Қазақ» газеті ағайын (qardaş) әзербайжанның біртуар қайраткері Мәмедәмин Расулзаденің (1884-1955) Наурыз мерекесі туралы мақаласын 1915 жылы қазақшаға аударып басады. Туысқан Низами елінің ірі қайраткері, меценат Зейнелабдин Тағиоғлының (1838-1924) қайырымды (xeyriyyəçilik) еңбегі жөнінде мақала жариялайды.
Түркістан бәрімізді тұтастандырып тұрғанда «Бірлік туы» мен «Ақ жол» газеттеріне мақала жазған түрікмен қаламгері, кейінгі ғалымы Күмісәлі Бөриевтің (1896-1937) еңбегі орасан. Оның 1921 жылы жариялаған «Түркістан шаруашылығы» мақаласы әлі де өзекті. Қаламының өткірлігі шығар, ол «жұрт мұңы баспасөз арқылы орындалмақ» деп жазды. Түрікменстан бөлек республика болғанда осы республиканың халық ағарту комиссары (министр) қызметін атқарды. Әліпбиін түзіп, грамматикасын қалыптастырды. Қазақ-түрікмен достығының нағыз рәміздік тұлғасы (umumy ajaýyp şahsyýet) болуға лайық осы ғалым-қайраткерді түрікмен әріптестер, өкінішке қарай, ұмытқан сыңайлы... Маңғыстауда туып, Түркістан өңірінде жетілген, Түрікменстанның интеллектуалдық қалыптасуына тер төккен, «түрікшілдігі үшін» Карелияда атылған Күмісәліге әзірше жер-жаһанда бірде-бір белгі жоқ. Бұл бәрімізге сын емес пе, қаламгер туғандар (doganlar) ?..
Ресей империясы қоластындағы Түркістан дегенде, ерте оянған татардың газеттері («Вакыт», «Юлдуз», «Эл-Ислах» т.б.), қазақпен тағдырлас, туысқан (туғандаш) башқұрттың басылымы («Башкорт») ескерілгені абзал. «Вакыт» біртуған (бертуган) Ғабдолла Тоқайды түлеткен қазақ топырағының Орал қаласында жарық көрген. Білім-білік шыңдаған, күрес-намыс жетілдірген жалғыз татар милләтінің өзі төңкеріс алдында Петербор, Мәскеуден бастап Уфа, Оралға дейін 100-ге тарта газет-журнал шығарған. Міне, мәдени-интеллектуалдық әлеует! Әлбетте, осы жүздеген баспасөздің башаты (бастау – көне түрікше) – Исмайыл Ғаспыралының «Тәржіман» газеті (1883-1918).
Өзбекстанға келсек, осы ұлттың жәдитшіл «Айна», «Хуршид», «Шухрат», «Таракки», «Самарқанд», «Тұран» газеттері – тарихи Түркістан өңірінің айнасы. Одан бұрынға «Түркістан уалаятының газетінен» ортақ біраз дүние (umumiy ildizlar) табуға болады. Кейінгі «Иштирокиюн» (соңыра «Кизил Узбекстан») басылымы да шектес республика (әсіресе, Ташкенттегі ортақ оқиғалар, маңындағы қазақтар жайы, Сайрам мен Түркістан кенттері) туралы жазғаны сөзсіз. Осы аяда ара-тұра өзбек газеттеріне еркін (sof o`zbek tilida) жарияланған М.Шоқай, Н.Төреқұлұлы еңбегін де ұмытпағанымыз жөн.
Арада ғасырдан астам уақыт өтті. 1991 жылы 5 түркі республикасы тәуелсіздік алды. Бұған да 35 жыл толғалы тұр.
Кеңестік түркі республикаларының мәдени-рухани байланысы – өз алдына тарих. Біз үшін маңыздысы – шынайы ағайындық байланыстың шуақты шежіресі. Солай болған және солай жалғасуға тиіс.
Бұл да – баспасөз мойнындағы борыш!
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, ҰҒА академигі