"Семей" "Қайратты" жеңіп, футзалдан Қазақстан чемпионатының финалдық кезеңінде алға шықты

Бүгін, 23:00 / Жамбыл Жайлау
"Семей" футзал клубының баспасөз қызметі

"Семей" футзалшылары 2025/26 маусымындағы Қазақстан чемпионатының үшінші финалдық матчында Алматының "Қайратын" сырт алаңда жеңді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Финалдық серияның кезекті ойыны Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп, қонақтардың 4:2 есебіндегі жеңісімен аяқталды.

"Семей" сапында бразилиялық Кандидо 3-минутта, Родригиньо 15-минутта гол соқты. Ресейлік Камиль Герейханов 32 және 40-минуттарда дубль авторы атанды. Соңғы голын ол бос қақпаға енгізді.

Алаң иелері құрамында бразилиялық Атирсон Силва 14-минутта және португалиялық Уго Невеш 34-минутта мергендік танытты.

Бұған дейін өткен екі кездесуде қарсыластар пенальти сериясында бір-бір жеңіске жеткен еді. Осылайша, финалдық сериядағы есеп 2:1 болып, "Семей" алға шықты.

Серия командалардың бірі үш жеңіске жеткенге дейін жалғасады.

Төртінші матч Алматыда 25 маусым күні өтеді. Ойын сағат 19:00-де басталады. Егер "Семей" жеңіске жетсе, клуб екінші рет Қазақстан чемпионы атанады.

Тэгтер:

Семей Футзал Қайрат