Шымкенттегі қоймадан өрт шығып, екі адам ауруханаға жеткізілді

Бүгін, 22:36 / Жамбыл Жайлау
ТЖМ баспасөз қызметі

Шымкентте жеке қойма аумағында өрт шығып, екі адам зардап шекті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға Еңбекші ауданындағы Исфиджаб тұрғын алабында орналасқан қойма аумағында болған.

ТЖМ мәліметінше, өрт кезінде қойма ғимараттарының шатыры, жүк көлігінен төгілген дизель отыны және нысан аумағында сақталған резеңке бұйымдар жанған. Өрт ошағына жақын маңда дизель отыны тиелген жүк көлігі тұрған.

Оқиға салдарынан екі адам күйік алып, ауруханаға жеткізілді.

Өртті сөндіруге жеке құрамнан 56 адам және 30 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ оқиға орнында ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмыс істеді.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері мен барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Тэгтер:

Шымкент