12 жастағы қызбын деп алдаған: Бразилияда қамқоршы отбасында тұрған 37 жастағы әйел ұсталды

Бүгін, 20:08 / Ербұлан Қайрат
сурет: dailymail.com

Бразилияда 37 жастағы әйел бір жылдан астам уақыт бойы өзін 12 жастағы қыз ретінде таныстырып, қамқоршы отбасында тұрғаны үшін ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz dailymail.com-ға сілтеме жасап.

Басылымдардың мәліметінше, Аманда Мария Соуза Оливейра өзін Габриэль есімді 12 жастағы қыз ретінде таныстырған. Ол шіркеуге келіп, ата-анасының қатыгездігінен қашып шыққанын айтып, көмек сұраған. Діни қауым оған қаржылай қолдау көрсетіп, баспана берген.

Кейін әйелді Жоинвиль қаласында тұратын ерлі-зайыпты отбасы өз қамқорлығына алған. Олар оның ем-домына ақша төлеп, туған күнін атап өткен. Тіпті ресми түрде асырап алуды да жоспарлаған.

Тергеу мәліметінше, Оливейра өз аңызына сендіру үшін психикалық ауытқуы бар адам кейпіне енген. Ол балаларға арналған бөтелке мен емізік қолданған, дауысын жіңішкертіп сөйлеген, дүрбелең ұстамаларын және аутизм белгілерін қолдан жасаған. Сондай-ақ денесіне ине шаншып, өзін діни секталардың құрбаны ретінде көрсеткен.

Өзінің ересек адамға ұқсайтын келбетін әйел бала кезінде қабылдаған гормондық емнің салдары деп түсіндірген. Қамқоршы отбасы оған семіздікке қарсы дәрілер де сатып алып берген. Сонымен қатар ол мектепке барудан бас тартып, әкесі тауып алады деп қорқатынын айтқан.

Алаяқтықтың беті туыстарының бірінің полицияға хабарласуынан кейін ашылған. Әйел 2 маусым күні ұсталып, кінәсін мойындаған.

Қазір оған алаяқтық және құжаттарды қолдан жасау баптары бойынша айып тағылып отыр. Тергеушілердің айтуынша, ол бұған дейін де Бразилияның бірнеше өңірінде осыған ұқсас әрекеттер жасаған болуы мүмкін.

Тэгтер:

Бразилия қамқоршы отбасы