Ғалымдар қартаюды баяулататын көкеністі атады

Бүгін, 19:49 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Ғалымдар сәбіздің құрамындағы кейбір қосылыстар ағзаның қартаю үдерісін баяулатып, өмір сүру ұзақтығын арттыруы мүмкін екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері Food & Function журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Nanchang University зерттеушілері тәжірибені қартаю механизмдерін зерттеуде жиі қолданылатын микроскопиялық жұмыр құрттар үлгісінде жүргізген. Бұл ағзалардың құрылысы қарапайым болғанымен, олардың ұзақ өмір сүруге қатысты көптеген молекулалық механизмдері адам мен басқа жануарларға ұқсас.

Ғалымдар сәбіз жасұнығынан алынған байланысқан полифенолдарды құрттардың қоректік ортасына қосқан. Полифенол – антиоксиданттық қасиеті бар өсімдік тектес қосылыстар. Олар жасушаларды зақымдайтын белсенді оттегі молекулаларының артық мөлшерін бейтараптандыруға көмектеседі.

Зерттеу нәтижесінде тәжірибеге қатысқан нематодалардың орташа өмір сүру ұзақтығы 25,6 пайызға артқаны анықталды. Сонымен қатар олардың қозғалу белсенділігі жақсарып, қартаюдың биологиялық маркері саналатын липофусцин пигментінің жиналуы азайған. Сондай-ақ ағзадағы май қорының көлемі де төмендеген.

Қосымша талдау полифенолдардың күйзеліске төзімділік пен ұзақ өмір сүруге жауап беретін гендердің жұмысына әсер ететінін көрсетті. Ғалымдардың пікірінше, бұл қосылыстар ағзаның энергияны тиімдірек пайдалануына және жасушалық стресспен жақсырақ күресуіне ықпал етуі мүмкін.

Зерттеу авторлары ерекше назар сәбіздегі тағамдық талшықтармен байланысқан полифенолдарға аударылып отырғанын атап өтті. Мұндай заттар еркін полифенолдарға қарағанда аз зерттелгенімен, олардың өзіндік биологиялық әсері болуы ықтимал.

Дегенмен мамандар әзірге бұл нәтижелерді адамдарға тікелей қолдануға болмайтынын ескертеді. Себебі тәжірибе тек зертханалық модель ретінде пайдаланылатын құрттарда жүргізілген. Соған қарамастан, зерттеу сәбіз құрамындағы қосылыстардың салауатты қартаюды зерттеудегі болашағы зор бағыттардың бірі екенін көрсетіп отыр.

Тэгтер:

көкөніс қартаю