Нарцисс басшылар қашықтан жұмыс істеуге жиі қарсы болады – зерттеу

Бүгін, 18:24 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Нарцисс басшылар қашықтан жұмыс істеуге жиі қарсы болады, өйткені олар билік пен бақылау сезімін жоғалтады. Мұндай қорытынды Fortune 500 тізіміндегі ірі компаниялардың басшыларын зерттеген ғалымдардың еңбегінде айтылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, басшының нарциссизм деңгейі неғұрлым жоғары болса, ол қызметкерлердің кеңсеге оралғанын соғұрлым көбірек қалайды. Ғалымдар мұны нарцисс тұлғалардың мәртебеге, бақылауға және айналасындағылардың назарын аударуға ерекше мұқтаж болуымен байланыстырады. Қашықтан жұмыс жағдайында қызметкерлер көз алдында болмайды, сондықтан оларды бақылау және өз ықпалын сезіну қиындай түседі.

Зерттеу барысында 259 ірі компанияның бас директорларының жария мәлімдемелері талданған. Нәтижесінде нарциссизм белгілері айқын байқалатын жетекшілердің қашықтан жұмыс істеуге қарсылығы жоғары болғаны анықталған.

Кейін 359 басшының қатысуымен жүргізілген қосымша сауалнама да осы тұжырымды растады. Ғалымдар басшылардың сенім деңгейін, мінез-құлық ерекшеліктерін және тұлғалық басқа қасиеттерін есепке алғанның өзінде, қашықтан жұмысқа қарсылықтың ең тұрақты болжамдаушысы нарциссизм болғанын анықтады.

Зерттеу авторларының айтуынша, мәселе ұжымдық қарым-қатынасты немесе кеңседегі әлеуметтік байланысты жақсы көруде емес. Негізгі себеп – билік пен мәртебе қажеттілігі. Нарцисс басшылар үшін кеңсе қызметкерлердің жұмысын бақылауға және өз ықпалын сезінуге мүмкіндік беретін орта болып қала береді.

Ғалымдар бұл нәтижелер жұмыс форматын таңдауда ұйым мәдениеті мен басшылардың тұлғалық ерекшеліктері маңызды рөл атқаратынын көрсететінін атап өтті. Сондықтан кейбір компаниялардың қызметкерлерді кеңсеге қайтару туралы шешімі өндірістік қажеттіліктен гөрі басшылықтың психологиялық ұстанымдарымен байланысты болуы мүмкін.

Тэгтер:

зерттеу басшы нарцисс