Ақтөбеде Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері колледж студентінен ақша бопсалаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында облыс орталығындағы студенттерден қорқыту және күш қолдану арқылы ақша бопсалап жүрген жас жігіт туралы ақпарат алынған.
«Анықталғандай, күдікті облыс орталығындағы сауда орталықтарының бірінде отырып, пайдакүнемдік мақсатпен қорқыту және күш көрсету арқылы басқа қаладан келген колледж студентінен ақша талап еткен. Психологиялық қысымға ұшыраған жәбірленуші онлайн несие беру қызметі арқылы микрокредит рәсімдеп, қаскөйге 35 мың теңге беруге мәжбүр болған», – делінген хабарламада.
Алайда күдіктінің талаптары мұнымен тоқтамаған. Ол студенттен қосымша ақша талап етуді жалғастырған.
Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері болжамды бопсалаушының жеке басын анықтап, оны ұстады.
Аталған факті бойынша бопсалау дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, ұсталған азаматтың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.