Еңбек кітапшалары электронды форматқа ауысады – Ербол Тұяқбаев

Бүгін, 16:25 / Алуа Арман
pixabay.com

Қазақстанда қағаз түріндегі еңбек кітапшаларының дәуірі аяқталуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дәстүрлі құжаттардан біртіндеп бас тартып, еңбек қызметін толықтай цифрлық форматта есепке алу мүмкіндігін қарастыруда, деп хабарлайды turkystan.kz.

Цифрландырудың болашағы туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев Парламент Сенатындағы брифинг барысында айтты. Оның сөзінше, бүгінде азаматтардың еңбек қызметі, зейнетақы аударымдары мен әлеуметтік төлемдер туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерде сақталып отыр. Сондықтан қағаз құжаттар қызметкерлер мен жұмыс берушілер үшін қосымша жүктемеге айналуда.

«Жасанды интеллект дәуірі мен қағаз еңбек кітапшасы бір-бірімен үйлеспейді. Мемлекет қазірдің өзінде адамның еңбек жолын қағаз құжатсыз-ақ көре алады. Миллиондаған азамат бұл кітапшаларды сақтауға, жоғалған жағдайда қалпына келтіруге уақыт жұмсайды, ал жұмыс берушілердің кадр бөлімдері шексіз қағазбастылықпен айналысуға мәжбүр. Сонда сұрақ туындайды: мұның қажеті қанша? Егер ақпарат цифрлық түрде бар болса, ол автоматты түрде расталуы тиіс», – деді бірінші вице-министр.

Еңбек министрлігінің пікірінше, болашақта қызметкерге өзінің толық еңбек өтілі туралы мәліметті алу үшін тек телефонын ашуы жеткілікті болады. Ал жұмыс беруші расталған еңбек өтілін архивтерсіз, анықтамасыз және қосымша сұрауларсыз тексере алады.

«Біздің мақсатымыз – сенімді мәліметтерді алуды автоматтандыру, артық бюрократиядан, мөрлерден және құжаттардың жоғалу қаупінен арылу», – деп түйіндеді Ербол Тұяқбаев.

Тэгтер:

еңбек кітапшасы