Тәуелсіздікті сақтап, Елімізді одан әрі дамыту үшін қоғамда татулық пен тұрақтылық болуы қажет – Тоқаев

Бүгін, 14:15 / Алуа Арман
Ақорда

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы сала мамандарын марапаттады. Салтанатта жиында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сондай-ақ Президент ел тағдырына тікелей әсер ететін маңызды оқиға қарсаңында Парламенттің 8-ші шақырылымы өз жұмысын аяқтайтынын еске салды.

 – Қос палатаның бірлескен отырысына міндетті түрде қатысамын: тарихи кезеңде атқарылған жұмысты қорытындылап, ел дамуының жаңа кезеңіндегі негізгі мақсат-міндеттерге тоқталып өтемін. Біз, Қазақстан халқы жасампаз әрі озық ойлы ұлт ретінде алысқа көз тігеміз. Осы даңғыл жолда берекелі бірлігіміз бен ырысты ынтымағымызды күшейтіп, барлық мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, отандық бұқаралық ақпарат құралдары өздеріне жүктелген жауапты миссияны жоғары деңгейде атқару үшін халықаралық медиа қоғамдастықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тиіс.

– Медиаиндустрия цифрлық дәуірдің сын-қатерлерімен алғашқылардың бірі болып бетпе-бет келді. Осылайша, цифрлық матрицаның – қоғам өміріндегі жаңа санаттың бір бөлігіне айналды. Нарықтың түбегейлі өзгеруі салдарынан жаңалықтар порталы, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер алдыңғы қатарға шықты. Мерзімді баспасөз бен телевизия бұрынғы үстемдігінен айырылды. Қазіргі жағдай осындай. Алайда мен «Дәстүрлі медианың дәурені өтті» деген пікірмен келіспеймін. Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келеді. Олардың басты артықшылығы – мәселені терең талдап, шолу мен сараптама ұсына алуында. Ақпараттық кеңістікте қарабайыр тақырыптар қаптап, ұсақ-түйекті сөз қылу көбейген заманда сапалы әрі өзекті журналистиканың маңызы еселеп артады. Сондықтан, менің ойымша, дәстүрлі БАҚ қым-қиғаш уақиғалар нөпірінде қоғам үшін ақпарат айдынындағы компас, тіпті идеологиялық бағдар рөлін алдағы уақытта да атқара береді, – деді Президент.

Тэгтер:

БАҚ дәстүрлі БАҚ