Ақтөбеде полицияға әскери қызметке шақыруға байланысты медициналық комиссиядан өтіп жүрген 20 жастағы тұрғын жүгінген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз азамат 250 мың теңге көлеміндегі сыйақыға әскери қызметтен кейінге қалдыру рәсімін жасап беруге уәде еткен. Оның сөзіне сенген жас жігіт көрсетілген соманы қолма-қол тапсырған. Алайда ақшаны алғаннан кейін күдікті байланысқа шықпай, берген уәдесін орындамаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Ол 21 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Тергеу барысында оның алған қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталды.
Аталған факті бойынша алаяқтық дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайы анықталуда.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады. Әскери қызметтен босату немесе кейінге қалдыру, жұмысқа орналастыру, мемлекеттік қызметтерді рәсімдеу сияқты мәселелерді ақша арқылы шешіп беремін деген адамдарға сенбеу қажет. Мұндай ұсыныстардың басым бөлігі алаяқтық әрекеттер болып табылады.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, әскери қызметке қатысты барлық шешімдер қолданыстағы заңнамаға сәйкес тек уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы қабылданады.
Егер сізге қандай да бір мәселені заңсыз жолмен ақшаға шешіп беруді ұсынса немесе алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, дереу "102" арнасына хабарласыңыз.