Қарағандыда автокөлікті тонаған күдікті ұсталды

Бүгін, 12:02 / Алуа Арман
polisia.kz

Жаппай бейнебақылау жүйесінің тиімділігі тағы бір мәрте өз нәтижесін көрсетті. Қарағанды қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің маңына орнатылған сыртқы бақылау камералары автокөліктен жасалған ұрлық фактісін тіркеген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жиналған материалдарды мұқият зерделеу нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтады. Ол 37 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны болып шықты.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ер адамды күндізгі уақыт та, көліктің жабық тұрғаны да тоқтата алмаған. Алдын ала анықталғандай, күдіктінің назарын көлік салонында көзге бірден түсетін жерде тұрған барсетка аударған. Ол бөтеннің мүлкін иемдену мақсатында барсетканы алып кетіп, оның ішіндегі құжаттарды, ақшалай қаражатты және өзге де жеке заттарды қолды еткен.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.

Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Тәртіп сақшылары азаматтарға көлік салонында бағалы заттарды көзге көрінетін жерде қалдырмауға кеңес береді. Мұндай сақтық шаралары мүліктік қылмыстардың алдын алуға көмектеседі.

Тэгтер:

Қарағанды Автокөлік ұрлық тонау