Қазгидромет ауа райына байланысты ескерту жасады

Бүгін, 05:55 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

«Қазгидромет» бүгін, 25 маусымда дауылды ескерту жариялап, елдің басым бөлігінде найзағай, қатты жел, бұршақ, нөсер жаңбыр және жоғары өрт қаупі күтілетінін хабарлады.

Синоптиктердің мәліметінше, қолайсыз ауа райы Астана, Алматы қалалары мен Қазақстанның барлық өңірін қамтиды. Кейбір облыстарда желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетіп, қатты жаңбыр мен бұршақ жаууы мүмкін.

Астана мен Қарағандыда күндіз жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Сонымен қатар өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталады.

Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болжанып отыр. Кей жерлерде желдің жылдамдығы 28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында найзағаймен қатар қатты ыстық сақталады. Алматы облысында ауа температурасы күндіз 35-38 градусқа дейін көтерілсе, Жетісу облысында 35 градусқа дейін ыстық болады.

Қызылорда, Ұлытау, Қарағанды, Абай, Жетісу және бірқатар басқа өңірлерде төтенше өрт қаупі жарияланған. Мамандар тұрғындарды от жағудан, құрғақ шөп пен қоқыс өртеуден бас тартуға шақырады.

Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында найзағайлы жаңбыр күтіледі. Кей өңірлерде тұман түсіп, көріну қашықтығы төмендеуі мүмкін.

Синоптиктер азаматтарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын сақтап, дауыл кезінде алыс жолға шықпауға, ағаштар мен жарнама қалқандарының маңында тұрмауға кеңес береді.