Меруерт Өтекешоваға жерлестері ат мінгізіп, ерекше құрмет көрсетті (ВИДЕО)

Бүгін, 20:33 / Жамбыл Жайлау
ашық дереккөзден

Орал қаласында Қазақстанның халық әртісі, "Парасат" және "Құрмет" ордендерінің иегері, белгілі театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешованың 75 жылдық мерейтойына арналған "Қазақтың Қыз Жібегі" атты шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

А.Н. Островский атындағы драма театрында ұйымдастырылған кездесуге көрермен көп жиналды. Залда бос орын қалмай, Ақжайық жұрты қазақ өнерінің көрнекті өкіліне ерекше құрмет көрсетті.

Кеш "Қыз Жібек" фильміндегі әйгілі "Гәкку" әнімен ашылды. Әсем әуен мен ұлттық нақыштағы би көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Шығармашылық кездесу барысында Меруерт Өтекешованың театр мен кинодағы еңбек жолы, қазақ мәдениетіне қосқан үлесі кеңінен айтылды. Сондай-ақ экраннан актрисаның өнер жолына арналған мұрағаттық бейнематериалдар көрсетілді.

Көрермендер қазақтың Қыз Жібегі атанған актрисамен жүздесіп, оның естеліктерін тыңдады. Кештің әсерлі сәттерінің бірінде Меруерт Өтекешова халықтың ыстық ықыласына толқып, көз жасына ерік берді.

Мерейтой аясында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі өнер иесіне ақ тұлпар мінгізіп, құрмет көрсетті.

Тэгтер:

Меруерт Өтекешова