«Заң мен тәртіп»: Алматыда 127 автобус айып тұрағына қойылды

Бүгін, 17:33 / Алуа Арман
istockphoto.com

Алматыда «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 900-ге жуық құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазіргі уақытта қала аумағында жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық көлік жүргізушілері арасында көлік мәдениеті мен тәртібін арттыруға бағытталған "Автобус" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шара барысында жолаушыларды тасымалдау қағидаларының сақталуына, көлік құралдарының техникалық жай-күйіне, сондай-ақ заңсыз қайта жабдықтау және заңсыз тасымалдау фактілерін анықтауға ерекше назар аударылуда.

Жүргізіліп жатқан тексерулер нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 900-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді.

Сонымен қатар 127 автобус мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.

Ең жиі анықталған құқық бұзушылықтардың қатарында жолаушыларды тасымалдау талаптарын сақтамау және көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтау деректері бар.

Алматы қаласында полиция тасымалдаушылар мен жүргізушілерді қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға, жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Жолаушылардың қауіпсіздігі – басты басымдық.

Еске сала кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты — Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде жүзеге асырылып жатқан, заңның үстемдігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қағидат.

Тэгтер:

Автобус Заң мен Тәртіп