Кеше Алматы облысы Кеген ауданында 37 жастағы полицейдің мәйіті табылды. Мәйіт өртелген. Кейін марқұмның Әуезов аудандық полиция басқармасында қызмет еткен Аслан Альсеров екені белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«23 маусым күні полицияға таулы аймақта мәйіттің табылғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел түрде тергеу-жедел тобы шықты. Қаза болған адамның жеке басы анықталды. Оның полиция қызметкері екені расталды. Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктілер ұсталды, олардың қатарында марқұмның жұбайы мен ұлы да бар. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Ерлі-зайыптылар 15 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп, жеті бала тәрбиелеген. Көпшілік оларды үлгілі отбасы ретінде таныған, бұл отбасы туралы сюжеттер түсіріліп, мақалалар жазылған.