Ақсуаттағы той кортежіне қатысты 19 хаттама толтырылды

Бүгін, 14:17 / Алуа Арман
видеодан скриншот

Абай облысында полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған той кортежіне қатысушыларды жауапқа тартты, деп хабарлайды turkystan.kz.

21 маусым күні сағат 19:30 шамасында Ақсуат ауданының Ақсуат ауылындағы Қабанбай көшесінде бірнеше автокөліктің жүргізушілері жол қозғалысы ережелерінің талаптарын әдейі елемей, қауіпті маневрлер жасап, жол қозғалысының өзге қатысушыларының қауіпсіздігіне қатер төндірген.

Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысқан барлық азаматтарды анықтады.

Тексеру нәтижесінде Hyundai Tucson, Hyundai Santa Fe, Chevrolet, Toyota және Lada Priora автокөліктерін басқарған бес жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Құқық бұзушыларға қатысты маневр жасау қағидаларын бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқару, авариялық жағдай туғызу және көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу фактілері бойынша барлығы 19 әкімшілік хаттама толтырылды.

Сонымен қатар, құқық бұзушылардың автокөліктері мамандандырылған айып тұрағына қойылды.

Абай облысы Полиция департаментінде мерекелік іс-шаралар жол қозғалысына қатысушыларды заң талаптарын сақтаудан босатпайтынын атап өтті. Жолдағы кез келген заңсыз әрекеттерге заң аясында тиісті шаралар қолданылады.

 

Тэгтер:

той кортежі кортеж Ақсуат