Футболшы Лионель Мессидің отбасы оның әкесі Хорхе Мессидің денсаулығына қатысты тараған қауесеттерден кейін ресми мәлімдеме жасады. Отбасы жұртшылықты сабыр сақтауға және адамның жеке өміріне құрметпен қарауға шақырды, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.
Мәлімдемеде Хорхе Мессидің денсаулығында белгілі бір қиындықтар бар екені расталды. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің бақылауында болып, ем қабылдап жатыр. Отбасының айтуынша, оның жағдайы тұрақты және оң динамика байқалады. Бұл мәлімдеме Аргентинада Хорхе Мессидің қайтыс болғаны туралы жалған ақпараттар тарағаннан кейін жарияланды. Мессилер отбасы мұндай алыпқашпа әңгімелердің жақындарына ауыр тиетінін айтып, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамды жауапкершілік танытуға шақырды.
«Осындай сәттерде біз жауапкершілікке, парасаттылыққа және адамгершілікке шақырамыз. Адамның денсаулығы мен оның жақындарының тыныштығы алыпсатарлықтың немесе жауапсыз ақпарат таратудың нысаны болмауы тиіс», – делінген отбасы мәлімдемесінде.
Айта кетейік, 38 жастағы Месси Аргентина құрамасының әлем чемпионатындағы алғашқы матчынан кейін соңғы күндері жеке өміріне қатысты қиын кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтқан еді. Алайда ол бұл жағдайдың нақты себебін ашып айтпады.
Отбасы Хорхе Мессидің денсаулығына қатысты жаңа ақпарат болған жағдайда оны ресми түрде өздері жариялайтынын мәлімдеді. Қазіргі таңда оның қайтыс болғаны туралы тараған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді.