Шымкентте 17 жастағы қызды алып қашқан деген жігіт пен оның достары сотталып кетті

23 маусым, 2026 / Жамбыл Жайлау
pixabay.com

Шымкентте 17 жастағы қызды алып қашты деген іс бойынша сот үкімі шықты. Кәмелетке толмаған бойжеткенді күштеп алып кеткен деп танылған үш жігіт 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп turkystan.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға былтыр қараша айында болған. Сот материалдарында қыздың күдіктілердің бірімен бұрыннан таныс болғаны, тіпті кездесуге шыққаны айтылды. Алайда судьяның сөзінше, бойжеткен тұрмысқа шығуға келісім бермеген.

"Жәбірленуші көлікке өз еркімен отырғаны рас. Бірақ ол сол күні жігітпен тек кездесуге шыққан. Қыз алып қашуға рұқсат бермеген", – деді судья.

Сотталушылар тарапы үкіммен келіспей отыр. Кінәлі деп танылған жігіттің анасы болған жағдайға сенбейтінін айтып, қыздың олардың үйінде қалғанын жеткізді. Оның сөзінше, бойжеткенді алып кетуге туыстары келген кезде де ол кетпей қойған.

Сотталғандардың бірі – үш баланың әкесі. Оның жұбайы да сот шешімін әділетсіз деп санайды. Олар алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіруге ниетті.

Еске салсақ, бұған дейін 17 жастағы бойжеткен өзін Шымкенттен Сарыағашқа күштеп алып кеткенін мәлімдеген. Сондай-ақ ол күдікті жігіттің туыстары “өз еркіммен келдім” деп қолхат жазуға мәжбүрлегенін айтқан.

Қазіргі уақытта осы іс бойынша үш адамға үкім шықты. Ал төртінші күдікті әлі де іздестіріліп жатыр.

Тэгтер:

Шымкент