5000 теңгеге келіскен: Маңғыстаулық жасөспірім желі жұлдызына айналды (ВИДЕО)

23 маусым, 2026 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Маңғыстаулық жасөспірім әлеуметтік желідегі танымал "Let me be"тренді арқылы көпшілікке танылды. Қарапайым ауыл тіршілігі арасында түсірілген видео TikTok пен Instagram-да тез тарап, желі қолданушыларының ықыласына бөленді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Lada.kz мәліметінше, видео Мұнайлы ауданындағы Дәулет ауылында түсірілген. Роликтің басты кейіпкері – үй шаруасына көмектесіп жүрген 14 жастағы Бекарыс Төлебаев.

Видео авторы Бауыржан Төлебаев бұл кадрдың мұншалықты танымал болатынын күтпегенін айтады. Оның сөзінше, ролик аяқ астынан түсірілген.

"Ұлым Исатай мобилограф болды. Ал видеодағы басты кейіпкер – үлкен ағамның ұлы әрі көршіміз Бекарыс. Ол сол кезде қорада жұмыс істеп жүрген. Шақырып алып, видеоға түсуді ұсындым. Басында келіспеді. Кейін қалжыңдап, 5000 теңге беремін дедім. Бірден келісті. Камераға бір-ақ рет қарады. Ешқандай дайындық болған жоқ, бәрін сол жерде түсіріп, бірден желіге жүктедік", – деді Бауыржан Төлебаев.

Оның айтуынша, бұған дейін олар бұл трендті екі рет түсірген. Алайда ол видеолардың қаралымы 40 мыңнан аспаған. Кейін кадрға жүк тиегіш техникасын қосу идеясы келіп, роликтің әсерін күшейткен.

Қазір видеоның танымалдылығы күн сайын артып келеді. Желі қолданушылары роликтің шынайылығын, ауыл өмірінің ерекше атмосферасын және Бекарыстың харизмасын жоғары бағалап жатыр.

Ролик 920 мыңнан астам қаралым жинап, 90 мыңнан аса лайк пен 5 мыңнан астам пікірге ие болған.

Тэгтер:

Жасөспірім