"Енді кімге сенім артамын?": Нұрлан Өнербаев марқұм анасы туралы жазып, елді жылатты

Бүгін, 20:41 / Жамбыл Жайлау
SN.kz коллажы

Белгілі әнші Нұрлан Өнербаев жақында өмірден өткен анасын еске алып, әлеуметтік желіде жүрек тебірентер жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өнер иесі ата-анасының суреттерін бөлісіп, ауыр күндері көңіл айтып, қолдау білдірген көпшілікке алғыс айтты. Оның сөзінше, осындай сәтте "қайғы бөліссе азаяды" деген сөздің мәнін терең түсінесің.

"Қайғы бөліссе азаяды" деген сөздің мәнін осындай сәтте терең түсінеді екенсің. Көңіл айтып, жұбату сөздерін жолдаған ағайын-туыс, дос-жаран мен әлеуметтік желідегі оқырмандардың шынайы тілектері жанға жеңілдік сыйлайды. Баршаңызға ақ ниетпен қолдау білдіргендеріңіз үшін алғысымды айтамын", – деп жазды Нұрлан Өнербаев.

Нұрлан Өнербаев қазіргі технологияның арқасында жақын адамдардың бейнесі мен естеліктерін сақтап қалуға мүмкіндік бар екенін айтып, анасы мен әкесінің жарқын жүзін оқырмандарына көрсетуді жөн көргенін жеткізді.

Сондай-ақ әнші анасына деген сағынышын айтып, перзенттік парызын толық өтей алды ма деген ойдың мазалайтынын жасырмады.

"Түн ұйқыңды бөліп, ақ бесігімнің қасында отырып әлдилеген анашым, перзенттік парызымды өтей алдым ба, білмеймін. Енді бар дұғаммен, жүрегімдегі сарқылмас сағынышыммен ғана алдыңдағы борышымды өтеуге тырысамын. Жалғандағы жарығым, аналық ақ тілегіңмен тірек болған қорғаным едің. Енді кімге сенім артып, кімнен қорған тілермін?.." – деп тебіренді әнші.

Желі қолданушылары әншінің жазбасына көңіл айтып, отбасына сабыр тіледі. Көпшілік марқұмның иманды болуын тілеп, өнер иесіне қолдау білдірді.

Тэгтер:

әнші Нұрлан Өнербаев