Қандыағаштағы жаппай улану: Ауруханаға түскендер саны артты

Бүгін, 17:48 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында болған жаппай уланудан кейін ауруханаға жатқызылғандар саны 113 адамға жетті. Олардың арасында 16 бала бар. Полиция қылмыстық іс қозғады, ал санитария мамандары тексеруді жалғастыруда, деп хабарлайды turkystan.kz.

23 маусымдағы жағдай бойынша ішек инфекциясының белгілерімен 113 адам медициналық көмекке жүгініп, ауруханаға жатқызылды. Науқастар Мұғалжар аудандық ауруханасына және облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға түскендердің 16-сы – балалар.

«Аталған жағдайлар бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қызметке шұғыл хабарламалар жолданды. Бактериологиялық зерттеулер жүргізу үшін сынамалар алынды. Госпитализацияланған науқастардың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Бірқатар науқастардың жағдайында оң өзгерістер байқалып, денсаулықтары жақсарып келеді», – деп хабарлады Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы.

Ведомствоның мәліметінше, барлық науқастарға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Ауруханаларда қосымша төсек-орындар дайындалып, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті көлемде қамтамасыз етілген.

Оқиғаның кейбір мән-жайларын санитариялық дәрігерлер де хабарлады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, барлық науқастар бір мейрамханаға барған, алайда әртүрлі топтармен барған.

«Науқастар бұл мейрамханаға түрлі себептермен, соның ішінде салтанатты іс-шараларға, ас беруге және басқа да көпшілік жиындарға қатысу үшін барған. Тексеру аясында мамандар мейрамханадағы барлық тағам өнімдерінен және қоршаған орта нысандарынан сынамалар алып, зертханалық зерттеуге жіберді. Тергеу әрекеттерінің құпиялылығын қамтамасыз ету мақсатында мейрамхананың қызметі мен оның қызметкерлері туралы ақпарат жарияланбайды», – деп хабарлады Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.

Жаппай улану фактісі бойынша полиция Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304-бабы – санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

«Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданатын болады», – деп хабарлады Ақтөбе облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тэгтер:

улану Ақтөбе облысы Қандыағаш