Ғалымдар кедейлік адамның қартаюын жеделдететінін анықтады. Nature Human Behavior журналында жарияланған халықаралық зерттеу нәтижелері әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмен болуы, яғни кедейлік пен білім деңгейінің жеткіліксіздігі ағзаның қартаю процесіне тікелей әсер ететінін көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеуді Германиядағы Max Planck Institute for Human Development ғалымдары мен Columbia University зерттеушілері жүргізген. Олар әлемнің 23 елінен жиналған 140 ғылыми жұмыстың деректерін талдап, оған жалпы саны 66 мыңға жуық адам қатысқан. Мамандар қартаю жылдамдығын бағалау үшін эпигенетикалық сағаттар әдісін қолданған. Бұл тәсіл адамның ДНҚ-сындағы молекулалық өзгерістерді зерттеп, ағзаның нақты жасы мен биологиялық жасы арасындағы айырмашылықты анықтауға мүмкіндік береді.
Зерттеу нәтижесі балалар арасындағы айырмашылықтың ерте жастан байқалатынын көрсетті. Табысы төмен отбасыларда өскен балалардың биологиялық жасы ауқатты құрдастарына қарағанда жылдамырақ ұлғайған. Сондай-ақ балалық шағын кедейлікте өткізген ересектердің де қартаю қарқыны жоғары екені анықталған. Ғалымдардың айтуынша, адамның қартаюына тек жеке өмір салты ғана емес, оның өмір сүретін әлеуметтік ортасы да ықпал етеді. Тұрмыс деңгейінің төмендігі, сапалы білімге қолжетімділіктің шектеулі болуы және әлеуметтік теңсіздік сияқты факторлар ағзадағы жасқа байланысты өзгерістерді жеделдетуі мүмкін.
Зерттеу авторлары бұл нәтижелер денсаулық сақтау саласымен қатар әлеуметтік саясаттың да маңызын көрсететінін атап өтті. Олардың пікірінше, қартаюдың алдын алу тек медициналық шаралармен шектелмеуі керек. Халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту, білім беру мүмкіндіктерін кеңейту және кедейлікті азайту да адамдардың ұзақ әрі сапалы өмір сүруіне ықпал етуі мүмкін.