21-27 маусым аралығында Ақмола облысының Щучинск қаласында халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтуде. Биылғы ауқымды шараға бес мемлекеттің өкілдері мен 50-ден астам команда қатысып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жиынның алғашқы күні қатысушылар бірнеше бағыт бойынша жарысқа түссе, соның ішінде ерекше қызығушылық тудырған сайыстардың бірі – робототехника бағыты болды. Бұл додада құқықтық тәртіп әскерінің намысын қорғаған Көкшетау қаласынан келген «Жас Бүркіт» командасы жоғары дайындық пен техникалық шеберлігін көрсетіп, жүлделі ІІ орынды иеленді.
Команда мүшелері өздерінің білімдері мен шығармашылық қабілеттерін ұштастыра отырып, күрделі тапсырмаларды сәтті орындап, төрешілер мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды. Бұл нәтиже жас сарбаздардың заманауи технологияларды меңгеруге деген қызығушылығы мен табанды еңбегінің жемісі екені сөзсіз.
Айта кетейік, «Айбын» әскери-патриоттық жиыны – жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін нығайтуға, олардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға және халықаралық достық байланыстарды арттыруға бағытталған маңызды алаң.