«Заң мен тәртіп»: Балаға буллинг жасағандарға айыппұл салынады

Бүгін, 11:15 / Алуа Арман
polisia.kz

Баланың қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік. Бүгінде балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін жағдайлардың алдын алу, олардың қараусыз қалуына жол бермеу мәселесі ерекше маңызға ие. Осы мәселеге қатысты сұрақтарға Әкімшілік полиция комитеті ювеналдық полиция басқармасының аға инспекторы Ботагөз Жалекешова жауап берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Баланы қауіпті жағдайда қалдыру – ата-ананың немесе заңды өкілдің баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуі мүмкін жағдайларда тиісті бақылау жасамауы.     

Мұндай жағдайларға:

баланы үйде немесе қоғамдық орындарда қараусыз қалдыру;

кішкентай балаларды ересектердің бақылауынсыз қалдыру;

жасөспірімдердің түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүруіне жол беру;

балалардың су айдындарына, құрылыс нысандарына немесе қауіпті аумақтарға бақылаусыз баруына мүмкіндік беру;

алкогольдік немесе өзге де масаң күйдегі адамның балаға қарауы жатады.   

Ата-аналардың заң бойынша міндеттері қандай?

ҚР заңнамасына сәйкес ата-аналар баланың өмірі мен денсаулығын қорғауға, тәрбиесіне жауап беруге, оның дамуына жағдай жасауға және құқықтары мен мүдделерін қорғауға міндетті.

– Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамаған заңды өкілдер әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – деп түсіндірді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Б. Жалекешова.     

Аталған бап бойынша:

бірінші жағдайда – ескерту немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл;

құқық бұзушылық қайталанған жағдайда – 15 АЕК дейін айыппұл немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамақ көзделген.

Қазіргі таңда ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша 16,8 мыңнан астам заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тиісті шаралар қабылданған. Сонымен бірге кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімшелердің профилактикалық есебінде балаларды тәрбиелеу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамайтын 5,9 мыңнан астам ата-ана профилактикалық бақылауда тұр.     

Полиция тәжірибесінде қандай жағдайлар жиі кездеседі?

түнгі уақытта ата-анасының бақылауынсыз жүру;

ұсақ бұзақылық;

қоғамдық тәртіпті бұзу;

буллинг;

бопсалау;

төбелес;

ұрлық фактілері бар.

Сонымен қатар жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігіне байланысты қайғылы жағдайлар, оның ішінде терезеден құлау және су айдындарындағы оқиғалар жиілейді.

Мамандардың айтуынша, баланың қауіпсіздігі ең алдымен отбасындағы дұрыс бақылаудан басталады.

– Ата-аналарға баланың қайда жүргенін бақылау, интернеттегі қауіпсіздігіне назар аудару, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, баламен ашық сөйлесу, оның достары мен ортасын жақынырақ білуді ұсынар едім. Бұл бағыттағы жұмыс тек полицияның немесе білім беру ұйымдарының ғана міндеті емес. Баланың қауіпсіздігі – ата-ана, қоғам және мемлекеттік органдардың бірлескен жауапкершілігі, – дейді өз сөзінде Ботагөз Жалекешова.

Бүгінде құқық бұзушылықтар саны төмендеу динамикасын көрсетіп отыр

2026 жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны 12,5% төмендеген.

Маманның айтуынша, көрсеткіштер өңірлерге байланысты өзгеріп отырады. Дегенмен профилактикалық шаралардың нәтижесінде жалпы динамика оң бағытты көрсетіп келеді.

– Көбіне бақылаусыз қалатын жас санаты – 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер. Бұл кезеңде балалардың өз бетінше шешім қабылдауға ұмтылысы артып, ата-аналық бақылау әлсіреуі мүмкін. Сонымен қатар басқа өңірлерге білім алуға кеткен жастардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет, – деп атап өтті аға инспектор.

Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері тұрақты түрде түнгі профилактикалық рейдтер өткізеді.     

Нәтижесінде:

ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша 68,8 мыңнан астам заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылған;

ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша балалардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол берген 1,6 мыңнан астам мекеме иесі мен әкімшілігі жауапқа тартылған.

Бұл жағдайда ескерту немесе 3 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 7 АЕК дейін ұлғаяды.

2024 жылы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер енгізілді.

Атап айтқанда:

балаларға қатысты зорлық-зомбылық бойынша татуласу мүмкіндігі алынып тасталды;

кәмелетке толмағандарды зорлағаны үшін енді тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған (бұрын 20 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі балама жаза болған);

кәмелетке толмағандарға сексуалдық сипаттағы тиіспеушілік пен суицидті насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді;

денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық жауапкершілікке өзгертілді (ҚК-нің 108-1 және 109-1 жаңа баптары енгізілді).

Сонымен қатар буллинг үшін де әкімшілік жауапкершілік белгіленді:

бірінші жағдайда – ескерту немесе 10 АЕК айыппұл;

қайталанған жағдайда – 30 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.

Қазіргі таңда әрбір білім беру ұйымына учаскелік полиция инспекторлары, ювеналдық және криминалдық полиция қызметкерлері бекітілген. Жалпы саны 8 мыңға жуық қызметкер жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыс атқаруда.

Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп мектептерде құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде.

ІІМ үндеу жасайды: Баланың қауіпсіздігі – отбасыдан басталады. Ата-ана мен қоғамның бірлескен әрекеті ғана әр бала үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды.

Еске сала кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты — Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде жүзеге асырылып жатқан, заңның үстемдігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қағидат.

Тэгтер:

Бала буллинг Заң мен Тәртіп ата ана