22 маусымда Павлодар облысында жоспарлы мониторинг барысында республикалық маңызы бар KAZ04 «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – Ресей Федерациясының шекарасы» автомобиль жолының Павлодар – Астана бағыты бойынша 342+500 шқ учаскесінде ықтимал қауіпті аймақ анықталды. Жол қызметінің мамандары цементбетон плиталарында ішкі кернеудің күшею белгілерін ерте кезеңде байқаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Дәл осы профилактикалық тексеру тәуекелді учаскені дер кезінде анықтап, жол жағдайының күрделенуіне жол бермеуге мүмкіндік берді. Оқиға орнында жедел түрде уақытша жол белгілері орнатылды. Қазіргі уақытта бетон плиталарындағы ішкі кернеуді төмендету және кейіннен асфальтбетон жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарға 15 маман және қажетті арнайы техника жұмылдырылған.
Сол күні Ақмола облысында «Астана – Щучинск» республикалық маңызы бар автомобиль жолының Астана қаласы бағыты бойынша 216-шақырымында цементбетон жабынының көтерілуі тіркелді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ақмола облысы Полиция департаменті патрульдік полиция қызметкерлері аталған учаскені уақытша жауып, көлік ағынын реттеу жұмыстарын ұйымдастырды. 88-ші жол пайдалану басқармасының мамандары уақытша жол белгілері мен жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын орнатуға жедел кірісті.
Жағдай бақылауда. Аталған учаскеде ақауды жою және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдануда.
Жалпы, жол қызметтері республикалық трассалардағы цементбетон жабындарының жай-күйіне жүйелі диагностика жүргізіп келеді. Мұндай шаралардың негізгі мақсаты – тәуекелді учаскелерді алдын ала анықтау, бетон плиталарындағы ішкі кернеуді жедел төмендету және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Цементбетон жабыны кез келген құрылыс материалы сияқты температураның өзгерісіне әсер етеді: ыстықта бетон плиталары кеңейеді, ал ауа температурасы төмендегенде қайта жиырылады. Қозғалыс қарқындылығы жоғары, ауа температурасы ыстық және плиталарда табиғи ішкі кернеу қалыптасқан жағдайда жекелеген учаскелерде ақаулар, соның ішінде жабынның көтерілуі пайда болуы мүмкін.
«ҚазАвтоЖол» компаниясы жүргізушілерден жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауды, уақытша жол белгілерінің талаптарын қатаң сақтауды, жұмыс жүріп жатқан учаскелерде жылдамдықты төмендетуді, қауіпсіз арақашықтықты ұстануды және күрт маневр жасамауды сұрайды.
Аптап ыстық кезеңінде жолдағы жағдай ерекше назарды талап етеді. Қауіпсіздік тек жолдың жай-күйіне ғана емес, әрбір жүргізушінің тәртібі мен жауапкершілігіне де тікелей байланысты.