Маңғыстауда он күнде бес баланы қарақұрт шақты

Бүгін, 07:54 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Баянауыл ұлттық паркі

Маңғыстау облысында қарақұрт шағу жағдайлары жиілеп, маусымның алғашқы он күнінде бес бала ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының мәліметінше, 2025 жылы медициналық мекемеге қарақұрт шаққан үш бала ғана түскен. Ал биыл маусым айының алғашқы он күнінде мұндай бес жағдай тіркеліп отыр.

Барлық бала ауруханаға ауыр халде жеткізіліп, жансақтау бөлімінде ем қабылдаған. Науқастардың жағдайы тұрақтанғаннан кейін бейінді бөлімдерге ауыстырылған.

Мамандардың айтуынша, жаз мезгілінде қарақұрттың белсенділігі артады. Осыған байланысты қауіпті өрмекшімен кездесіп қалу қаупі де жоғарылайды.

-Қарақұрттың шағуы қатты ауырсыну мен күйдіру сезімін тудыруы мүмкін. Сонымен қатар ауырсыну денеге таралып, бұлшықет құрысуы, әлсіздік, тершеңдік, жүрек айну, құсу, бас айналу және жүрек соғысының жиілеуі сияқты белгілер байқалады, - дейді дәрігерлер.

Медицина мамандары қарақұрт шаққан жағдайда баланың қозғалысын шектеп, шаққан жерді сабынды сумен жуып, салқын компресс қоюды және мүмкіндігінше тез арада медициналық көмекке жүгінуді ескертеді. Дәрігерлер халықтық емдеу тәсілдерін қолдануға немесе шаққан жерді өз бетінше кесуге қатаң болмайтынын айтады.

Мамандар ата-аналарға табиғат аясында демалған кезде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға кеңес береді. Киім мен аяқ киімді киер алдында мұқият тексеріп, қағып алу қажет. Сондай-ақ өрмекшілер жасырынуы мүмкін тастарға, бұталарға және басқа да қуыс орындарға жақындамаған жөн.

Дәрігерлер қарақұрт шақты деген күдік болған жағдайда, әсіресе бала зардап шексе, бірден медициналық көмекке жүгіну керектігін атап өтті. Уақытылы көрсетілген көмек ауыр асқынулардың алдын алып, денсаулықты сақтауға мүмкіндік береді.