Ақтөбеде соққан дүлей дауыл ағаштарды құлатып, көліктерді аударып жіберді

Бүгін, 23:30 / Жамбыл Жайлау
avopix.com

Ақтөбеде кенеттен соққан дүлей дауыл қалаға айтарлықтай залал келтірді. Қатты желдің салдарынан ағаштар тамырымен қопарылып, ғимараттардың шатырлары ұшқан. Кей жерлерде көліктер аударылып, көшедегі сәндік нысандар да желдің екпініне шыдамаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазір қалада апат салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, Астана ауданы аумағында 80-ге жуық ірі ағаш құлап, жолдар мен жаяу жүргіншілер жүретін аумақтарды жауып қалған.

Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшкен. Қазіргі уақытта екі арнайы бригада күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар аудан бойынша санитарлық тазалыққа жауапты тоғыз мердігер мекеме құлаған бұталар мен жел ұшырған қоқыстарды жинауға жұмылдырылған.

Ауа райының қолайсыздығы мұнымен тоқтамады. Ақтөбе қаласына қарасты Ақшат және Шилісай ауылдарында жұмыртқадай ірі бұршақ жауған.

Синоптиктер өңірде алдағы күндері де жауын-шашын мен қатты жел сақталуы мүмкін екенін ескертеді.

Тэгтер:

Ақтөбе