Алматыда Әл-Фараби даңғылында болған резонансты жол-көлік оқиғасы бойынша сот жарыссөзі басталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушы Александр Пакты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
21 наурызға қараған түні болған жол апаты салдарынан Mercedes автокөлігінің жүргізушісі мен оның екі жолаушысы көз жұмған.
Мемлекеттік айыптаушы жәбірленушілердің соқтығыс сәтінде-ақ қайтыс болғанын атап өтті. Іс материалдары мен сараптама қорытындыларына сәйкес, қаза болғандардың денесінен ауыр жарақаттар анықталған.
Тергеу барысында жүргізушінің көлікті мас күйінде басқарғаны және қарсы қозғалыс жолағына шыққаны анықталды. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, бұл – жол қозғалысына қатысушылардың барлығы үшін өлім қаупін саналы түрде тудырған әрекет.
Оның сөзінше, сотталушының кәмелетке толмаған балаларының болуы жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырылған. Алайда жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу және мас күйінде көлік жүргізу сияқты жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуы ауырлататын жағдайлар болып есептеледі.
Мемлекеттік айыптау тарапы соттан Александр Пакты кінәлі деп танып, оны ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару мекемесінде жазасын өтеумен 10 жылға бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығынан айыруды сұрады.