Жапония 48 жылдан кейін алғаш рет елге кіру құнын қымбаттатты

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жапония үкіметі шетел азаматтарына арналған виза алымын 48 жылдан кейін алғаш рет көтеру туралы шешім қабылдады. Жаңа тарифтер 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, деп хабарлайды turkystan.kz kyodonews.net-ке сілтеме жасап.

Жаңа ережеге сәйкес, бір реттік виза құны 3 мың иеннен 15 мың иенге дейін, яғни 5 есе өседі. Ал бірнеше рет кіруге мүмкіндік беретін визаның құны 6 мың иеннен 30 мың иенге дейін қымбаттайды.

Жапония Сыртқы істер министрі Тосимицу Мотэгидің айтуынша, бұл шешім инфляция мен жапон иенасының әлсіреуіне байланысты қабылданған. Сонымен қатар жаңа тарифтер Жапониядағы виза алымдарын «Үлкен жетілік» (G7) елдеріндегі деңгейге жақындатуға мүмкіндік береді.

Министрдің сөзінше, виза құнының өсуі елге келетін туристер санына айтарлықтай әсер етпейді деп күтілуде.

Алайда бұл өзгеріс Ресей азаматтарына қатысты емес. Ресей мен Жапония арасындағы қолданыстағы тәртіп бойынша Ресей азаматтары үшін жапон визасы тегін рәсімделеді. Олар тек визалық орталықтың қызмет көрсету ақысын төлейді. Сондықтан қымбаттайтын консулдық алым Ресей азаматтарына қолданылмайды.

Тэгтер:

туризм жапония Виза