Қаржылық мониторинг агенттігі Ақмола облысында электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды заңсыз өткізумен айналысқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өнімдерді өткізу әлеуметтік желілердегі интернет-дүкендер арқылы жүзеге асырылып, жеткізу курьерлік қызметпен ұйымдастырылған.
Қатысушылар заңсыз қызметін жасыру мақсатында конспирация шараларын қолданып, ақша қаражатын қабылдау және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дропперлердің қызметін пайдаланған.
Қылмыстық табыс көлемі 221 млн теңгеден асты.
Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі пәтер мен автокөлікке тыйым салынды.
Ұйымдастырушы қамауға алынды.
Тергеп-тексеру жалғасуда.
Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Айта кету керек, жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі вейптерді заңсыз өткізу фактілері бойынша 12 сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.
Заңсыз айналымнан 717 мың дана өнім тәркіленді.
ҚМА ескертеді: вейптерді пайдалану, әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында никотинге тәуелділіктің қалыптасуына әкеледі. Никотин жүрек-қан тамырлары және жүйке жүйесіне кері әсер етіп, созылмалы аурулардың даму қаупін арттырады.