Шығыс Қазақстан облысында ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 28-ге жетті.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Тарбағатай ауданындағы Қамысты ауылы тұрғындары алкоголь өнімдерін тұтынудан бас тарту туралы шешім қабылдады.
- Бүгінде ауылда 22 үй бар, онда 89 адам тұрады. Тұрғындар санының аздығына қарамастан, ауыл халқы қоғамдық өмірге белсенді араласып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, отбасылық құндылықтарды сақтауға және қоғамдағы қолайлы ахуалды нығайтуға ерекше көңіл бөледі. «Алкогольсіз ауыл» бастамасына қосылу туралы шешімді жергілікті жұрт ерікті түрде және бірауыздан қабылдады, - делінген ақпаратта.
Ауыл халқы алкогольден бас тарту денсаулықты нығайтуға, жауапкершілікті арттыруға және балалар мен жастарды тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасауға ықпал ететіндігін жеткізді.
Осылайша, Қамысты ауылы осы бастаманы қолдаған Шығыс Қазақстан облысындағы 28-ші елді мекен атанды.