Баспанаға мұқтаж жандарды алдаған күдікті ұсталды

Бүгін, 20:56 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Елордада мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алып беремін деген әйел 50-ден астам адамды алдаған, деп хабарлайды turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Астана қаласында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы арқылы пәтер алып беруге уәде еткен күдіктінің заңсыз әрекеті әшкереленді.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 36 жастағы елорда тұрғыны азаматтардың баспанаға мұқтаж екенін пайдаланып, өзін сенімді тұлға ретінде таныстырған. Ол мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында пәтер алуға көмектесетінін айтып, жәбірленушілердің сеніміне кіріп, олардың қомақты қаражатын иемденген.

Күдікті тұрғын үй кезегін жылдамдатуға, қажетті құжаттарды рәсімдеуге және мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алуға ықпал ете алатынын алға тартқан.

Осы тәсілмен ол жәбірленушілердің бірінен 1 миллион теңге алып, ақшаны жеке қажетіне жұмсаған.

Қазіргі уақытта әйелдің осыған ұқсас 50-ден астам алаяқтық дерегіне қатысы болуы мүмкін екені анықталды.

Азаматтардың баспаналы болуға деген үмітін пайда көзіне айналдырған күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.