Әлеуметтік желіде 74 жастағы әженің парапланмен ұшқан видеосы көпшіліктің назарын аударды. Жасы егде тартса да, өмірге деген құлшынысын жоғалтпаған ақ жаулықты ананың батылдығына желі қолданушылары тәнті болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Видеоны Instagram желісінде alma.janalina есімді қолданушы жариялаған. Ол жазбасында анасының 74 жаста екенін айтып, оның биік таулар үстінен парапланмен ұшқан сәтін көрсеткен.
"Анашым 74 жаста… Ал істеп жүргені мынау… Не дейсіздер, ал?!" – деп жазды видео авторы.
Кадрлардан әженің нұсқаушымен бірге таулардың үстімен еркін ұшып бара жатқанын көруге болады. Ол қорқыныш білдірмей, керісінше, көңілді күйде ән айтып, ерекше сәттен ләззат алған.
Бұл видео желі қолданушыларының жылы пікіріне ие болды. Көпшілік әженің батылдығына сүйсініп, оған ұзақ ғұмыр мен мықты денсаулық тіледі.