Біріккен Араб Әмірліктері 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу енгізді. Ел Үкіметі қабылдаған жаңа қаулыға сәйкес, әлеуметтік желі платформалары пайдаланушылардың жасын тексеру тетіктерін енгізуге міндетті болады, деп хабарлайды turkystan.kz gulfnews.com-ға сілтеме жасап.
Билік компанияларға жаңа талаптарды жүзеге асыру үшін 12 айлық өтпелі кезең берді. Осы уақыт ішінде платформалар техникалық және құқықтық талаптарға бейімделуге тиіс.
БАӘ Үкіметінің мәліметінше, шешім балалардың әлеуметтік желілерді белсенді қолдануы және интернеттегі қауіптердің артуына байланысты қабылданған. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың орынсыз контентке тап болуы, қауіпті байланыстар орнатуы, жеке деректерінің жиналуы және гаджеттерге шамадан тыс тәуелділігі алаңдаушылық туғызуда.
Билік жаңа ережелердің мақсаты балаларды цифрлық ортада қорғау және технологиялардың артықшылықтарын қауіпсіз пайдалануға жағдай жасау екенін атап өтті. Сонымен қатар бұл қадам елдің балалар қауіпсіздігін цифрлық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастыратынын көрсетеді.
Ал Италияда әлеуметтік желілерге жас шектеуін енгізу мәселесіне қатысты басқа ұстаным қалыптасты. Ел премьер-министрі мұндай тыйымдардың тиімділігіне күмән келтіріп, оларды айналып өтудің жолдары көп екенін мәлімдеді.
Оның пікірінше, жауапкершілік ең алдымен жасөспірімдерге емес, әлеуметтік желі платформаларына жүктелуі керек. Сондықтан негізгі назар балаларға көрсетілетін контентті бақылауға және платформалардың өз қызметі үшін жауапкершілігін күшейтуге аударылуға тиіс.