Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Ұлттық ұлан әскери дәрігерлік комиссиясы бастығының орынбасары, терапевт медицина қызметінің подполковнигі Аңсаған Ахметовамен сұхбаттасып, оның өмір жолы мен қызмет ерекшелігі туралы әңгімелестік, деп хабарлайды turkystan.kz.
Адам тағдыры кейде бала күнінде айтылған бір ауыз сөзден бастау алады. Аңсаған Ахметова үшін де дәрігерлік мамандыққа бастар жол әке аманатымен байланысты.
– Әкем Әжікен Ахметов инженер-механик еді. Бала күнімнен «дәрігер боласың» деп жиі айтатын. Бойжеткенше осы сөзді құлағыма құя берсек керек, мен басқа мамандық туралы мүлде ойлаған емеспін, – дейді кейіпкеріміз.
Бұл тілектің астарында үлкен өмірлік оқиға жатқан еді. Себебі Аңсағанның ата-анасы ұзақ жылдар бойы сәби сүйе алмай, 18 жылдан кейін ғана перзентті болады. Аңсап күткен баласы болған соң ата-ана қызына Аңсаған деп ат қояды. Оның өсірге келуі де оңай болмаған көрінеді.
– Әкем «әуелі Құдайдың, содан кейін дәрігерлердің арқасында аман қалдың» деп айтып отыратын. Сондықтан дәрігер болғанымды қалады. Ал мен сол арманның ұшқынымын, – дейді ол.
1982 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген Аңсаған ата-анасының жалғыз перзенті болып өсті. Анасы балабақшада тәлімгер қызметін атқарса, қызы өмірге келгеннен кейін бар уақытын оның тәрбиесіне арнайды. Ұзақ күткен баласын ақ жаулықты анасы қанаттыға қақтырмай, тұмықтыға шоқтырмай өсірді.
Мектепті аяқтаған бойжеткен Қарағанды мемлекеттік медицина академиясына грант негізінде оқуға түседі. Жалпы емдеу ісі және жалпы тәжірибелік дәрігер мамандықтары бойынша білім алып, терапия бағытын таңдайды. Оқуды үздік тәмамдаған жас маман еңбек жолын туған өлкесі – Жаңаарқа ауданында бастайды. Кейін Қарағанды облыстық медициналық орталығында терапевт болып жұмыс істейді.
Алайда оның өмір жолында жаңа белес күтіп тұрған еді. 2011 жылы Қарағандыдағы 6505 әскери бөлімінің лазаретіне қызметке шақырылып, лейтенант шенінде әскери медицина саласына қадам басады.
– Азаматтық және әскери медицинаның негізгі айырмашылығы – қызмет көрсететін контингентінде. Біз көбіне жас сарбаздармен жұмыс істейміз. Сондықтан созылмалы аурулар сирек кездеседі. Дегенмен соңғы жылдары жастар арасында түрлі сырқаттардың көбейіп келе жатқаны алаңдатады. Бұрын ересек адамдарға тән күрделі аурулар бүгінде жастар арасында да жиілеп барады, – дейді медицина подполковнигі.
Әскери медицина сырт көзге байқала бермейтін үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әскери дәрігерлер тәулік бойы кез келген шақырту мен дабылға дайын болуы тиіс. Мұнда медицина маманы ғана емес, офицер ретінде де тәртіп пен талапқа бағыну қажет.
Аңсаған Ахметованың әскери саланы таңдауы тегін емес. Оның әкесі кезінде теңіз әскерінде қызмет етіп, Балтық теңізінде әскери борышын өтеген. Кейін запастағы капитан шенін алған. Ал атасы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, танк жүргізушісі болған. Өкінішке қарай, ол 1943 жылы Киев түбіндегі шайқастардың бірінде қаза тауып, ұрпағының жарқын болашағы үшін жанын құрбан еткен.
– Әскери қызметке келгеніме әкем ерекше қуанды. Мұны мақтаныш көрді. Бәлкім, бойымдағы әскери рух сол кісілерден дарыған шығар, – дейді кейіпкеріміз.
Биыл оның Ұлттық ұлан сапында қызмет етіп жүргеніне 15 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде ол түрлі лауазымдарда еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтады. 2018 жылы Астана қаласындағы Ұлттық ұланның медициналық басқармасына рентгенолог дәрігер ретінде ауысып келсе, кейін 5573 әскери бөлімінің лазарет басшысы қызметін атқарды. Ал 2023 жылдан бастап Ұлттық ұлан әскери дәрігерлік комиссиясы бастығының орынбасары қызметінде.
Көп жылғы адал еңбегі елеусіз қалған жоқ. Биыл мамыр айында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды.
– Қызметтің алғашқы жылдарында қиындықтар болды. Басқа салаға кетсем бе деген ойлар да келді. Бірақ уақыт өте келе күнделікті еңбек пен қызметтің маңызын терең түсіндім. Бүгінде сол табандылықтың жемісін көріп отырмын, – дейді ол.
Қазіргі уақытта Аңсаған Әжікенқызы Ұлттық ұландағы маңызды бағыттардың біріне жауап береді. Оның жетекшілігімен 11 дәрігерден құралған әскери дәрігерлік комиссия жұмыс істейді. Комиссия құрамында психофизиологиялық зертхана да бар.
Бұл құрылым Қазақстан бойынша Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне қатысты барлық әскери-медициналық сараптама құжаттарын қарайды. Әскери қызметке қабылданатын азаматтарға, келісімшарт негізінде қалатын сарбаздарға, Ұлттық ұлан академиясына түсушілерге және денсаулығына байланысты зейнетке шығатын әскери қызметшілерге медициналық сараптама жүргізеді.
Яғни, олардың күнделікті еңбегі Ұлттық ұлан қатарын дені сау, кәсіби мамандармен толықтыруға бағытталған.
Әскери дәрігерлердің қызметі тек кабинетпен шектелмейді. Олар да саптық дайындыққа қатысып, полигондарда атыс жаттығуларынан өтеді, жыл сайынғы аттестациялар мен сынақтарды тапсырады. Бұл олар атқаратын әскери міндеттің ажырамас бөлігі.
Терапевт мамандығының ерекшелігі туралы айтқанда да ол өз ісіне деген сүйіспеншілігін жасырмайды.
– Терапевт – емдеу ісінің негізгі дәрігері. Жүрек, өкпе және ішкі ағзалар ауруларын анықтап, емделуіне жағдай жасаумен айналысады. Көп жағдайда науқастың денсаулығын бағалауда алғашқы шешімді қабылдайтын да осы мамандық иелері, – дейді ол.
Табысты қызметтің артында сенімді отбасы тұрғаны белгілі. Аңсаған Ахметованың жолдасы Қанат Қапашов та әскери медицина саласының маманы, запастағы медицина подполковнигі, хирург дәрігер. Екеуі студенттік шақта шаңырақ көтерген. Бүгінде бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы.
– Бос уақытымды отбасыма арнауға тырысамын. Отбасы – адамға күш-қуат беретін ең үлкен тірек, – дейді терапевт.
Ақ халат пен әскери форманы қатар алып жүрген Аңсаған Ахметованың өмір жолы – кәсібіне адалдықтың, жауапкершілік пен табандылықтың жарқын үлгісі. Оған қарап-ақ әскери медицина қызметкерлерінің ел қауіпсіздігі мен ұлт денсаулығы жолындағы өлшеусіз еңбегін байқауға болады.
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында осындай абзал жандарға айтылар алғыс шексіз. Өйткені олар адам денсаулығын қорғауды өмірлік миссиясына айналдырған жандар.
Лейтенант Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ