Ел тарихындағы ең ірі IT инвестиция: мүмкіндік пе, сынақ па?

Бүгін, 15:45 / Ділда УӘЛИБЕК
сурет: istockphoto.com

Үкімет NVIDIA және Firebird компанияларымен 10 млрд доллардың келісіміне қол қойды. Осылайша, Екібастұзда көлемі 300 МВт-тан 1 ГВт-қа дейін кеңейетін ЖИ дерек орталығы салынбақ. 100 мың GPU чиптен тұратын өнімділігі жоғары есептеу инфрақұрылымы құрылады. Үкімет одан жылына кемінде 3 млрд доллар кіріс кіреді деп болжап отыр.

Жуырда Премьер-Министр Олжас Бектенов NVIDIA компаниясының вице-пре­зиденті Рев Лебаредянмен және амери­калық Firebird компаниясының басшылығымен кездесті. Нәтижесінде, тараптар жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық туралы жалпы көлемі 10 миллиард доллар болатын келісім жасасты. 
Америкалық Firebird компаниясы ЖИ инфрақұрылымын құруға, дерек орталық­тарын дамытуға және өнімділігі жоғары есептеу жүйелерін әзірлеуге маманданған. Компания әлемнің түрлі өңірлерінде жоба­ларды жүзеге асырып, жасанды интеллект, өнімділігі жоғары есептеу және цифрлық инфрақұрылым саласындағы әлемдік көшбасшы NVIDIA сияқты жетекші тех­нологиялық серіктестермен ынтымақтастық орнатқан. Компанияның өнімдерін әлемдегі жетекші суперкомпьютерлер мен дерек өңдеу орталықтарының көбісі қолданады, сондай-ақ ол – қазіргі заманғы генератив ЖИ модельдерінің елеулі бөлігінің негізі.
ЖИ нарығының жаһанға жайылуы жаңа есептеу қуатын жаңа ресурс ретінде алға шығарды. Мемлекеттер мұнай, газ немесе уран арқылы стратегиялық артықшылыққа ие болса, қазір GPU кластерлер мен дерек орталықтары дәл сондай рөлге ие бола бастады. Сондықтан бұл келісімнің ауқымы жай ғана инвестиция тартудан әлдеқайда кең. Себебі нақ осы қадам жаңа цифрлық индустрияның негізін қалаудың алғышарты болуы әбден мүмкін. 
Дегенмен нақты қандай мүмкіндікке жол ашылады, қандай қауіп бар?

Бес қатпарлы торт немесе Екібастұздағы ДӨО қандай жоба?

Қазір Екібастұзда «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасы жүзеге асып жатыр. Жобаның басты мақсаты – халықаралық технологиялық компания­ларды тартып, өнімділігі жоғары есептеу қуатын орналастыруға арналған өңірлік орталық құру. Бұл ретте өңірдің энерге­ти­калық әлеуеті мен жер резерві басты фактор болып отыр. Бұған Олжас Бектенов те тоқталып өтті. Үкіметтің мәліметінше, қазір 300 мегаватт электр қуаты қолжетімді. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш біртіндеп 1 гигаваттқа дейін жетеді. Мұндай көлем әлемдік деңгейдегі ірі деректер орталық­тарын орналастыруға мүмкіндік береді.
Қазір әлемде жасанды интеллект жүйе­лерін дамытудағы негізгі мәселенің бірі – энергия тапшылығы. Ірі технологиялық компаниялар жаңа дерек орталықтарын салатын орын таңдағанда ең алдымен энер­гия ресурсына назар аударады. Жасанды интеллектке арналған дерек орталықтары электр энергиясын өте көп тұтынады. Сондықтан жобаның тағдырын ең алдымен энергия мәселесі шешеді. NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредян да осыны айтты.
– ЖИ-ді дамыту үшін «бес қатпарлы торт» деп атайтын құрылым қажет. Бұл деңгейде біз төменгі қабаттардағы барлық техно­логияларды алып, оларды түрлі сала­лар мен бағыттарға арналған қосымшаларға айнал­дырамыз, осылайша олар нақты пайда мен құндылық әкеледі. Бірақ бәрі энергиядан басталады. Егер энергия болмаса, қалғанын дамыту мүмкін емес. Бұл – іргетас. Қазақ­стан­да энергия ресурстары бар. Оның қоры мол әрі оны одан әрі өндіру мүмкіндігі бол­ған­дықтан, Қазақстан – бұл бағытты бастау үшін өте қолайлы орын. Шын мәнінде, Қазақстан осы бес қабатты торттың әрбір дең­гейіне қатыса алады. Мен көргенім, оқығаным және қазір осында болып байқағаным бойынша, Қазақстанның рухы мен жігері алға қарай ұмтылуға және елдің бар игілігін, табиғи ресурстарын да, адами капиталын да жасанды интеллектінің жаңа дәуіріне қадам басу үшін пайдалануға бағытталған, – деді Рев Лебаредян.

10 млрд доллар инвестиция, 3 млрд доллар кіріс

Жобаның ауқымы келіссөз кезінде айтылған сандардан-ақ байқалады. вице-премьер, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, 10 миллиард доллар инвестиция есебінен елімізде соңғы буын NVIDIA GB300 мен Vera Rubin чиптері негізінде 100 мың графикалық процессордан тұратын есептеу кластері құрылады.
Графикалық процессорлар немесе GPU чиптер қазіргі жасанды интеллект жүйелері­нің негізгі құралы саналады. ChatGPT, Gemini, Claude секілді ірі тілдік модельдер осындай есептеу қуаттары арқылы оқытыла­ды және жұмыс істейді.
Кейінгі жылдары әлемде GPU тапшылығы байқалып отыр. Сондықтан көптеген мемле­кет өз аумағында жоғары өнімді есептеу орталықтарын құруға ұмтылуда. Егер жоба толық іске асса, Қазақстан Орталық Азия­дағы ғана емес, Еуразия кеңістігіндегі ең ірі есептеу орталықтарының біріне айналуы мүмкін.
Кездесуге қатысушылар мұндай жоба­ларға әлем бойынша қызығушылықтың қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, алдағы жылдары жасанды интеллектінің жаһандық нарығының көлемі жүздеген млрд доллардан асады, ал AI-модельдерді оқыту және пайдалану үшін қажетті есептеу қуат­тарына сұраныс жыл сайын екі есе қарқын­мен өсіп келеді. Осыған байланысты мемле­кеттер тек білікті мамандар мен техноло­гия­лар үшін ғана емес, жаңа буынның цифрлық экономикасының негізіне айналатын инфрақұрылым үшін де бәсекеге түсіп отыр.
– «ДӨО алқабы» жобасы жасанды интел­лекті экономикасының жаңа буыны ЖИ токендер экономикасының негізгі платфор­маларының біріне айналады. 10 млрд доллар көлеміндегі инвестициялар елімізде NVIDIA GB300 және Vera Rubin чиптерін қоса алған­да, соңғы буындағы 100 мың GPU чип­тері негізінде ауқымды есептеу кластерін құруға мүмкіндік береді. Біздің бағалауымыз бойынша, жобаны жүзеге асыру жыл сайын кемінде 3 млрд доллар көлемінде экспорттық кіріс әкеледі, жаңа жұмыс орындарын ашады, жаһандық технологиялық компания­ларды тартады және Қазақстанның Еуразия­дағы негізгі цифрлық хабтардың бірі ретін­дегі позициясын нығайтады, – деді Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.

Үздік ондыққа кіруге мүмкіндік беретін қадам

Осылайша, бұл жобаның маңызы тек технологияның аясында қалмайды. Үкімет оны болашақтағы жаңа экспорт бағытының бірі ретінде қарастырып отыр. Ресми баға­лауға сәйкес, жоба іске қосылғаннан кейін жыл сайын кемінде 3 миллиард доллар экс­порттық табыс әкелуі мүмкін. Бұл көрсеткіш Қазақстанның дәстүрлі шикізаттық емес экспортын әртараптандыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар деректерді өңдеу орта­лықтары бұлт сервистерін дамытуға, халық­аралық технологиялық компанияларды тартуға, жергілікті стартаптардың дамуына және ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Қазір көптеген қазақстандық компания өз деректерін шетел серверлерінде сақтайды. Ал заманауи деректер орталық­тарының пайда болуы цифрлық сервистерді ел ішінде орналастыруға жол ашады.
Алайда мұндай жобалардың табысты болуы тек инфрақұрылымға ғана байлан­ысты емес. Деректер орталықтарын басқару, жасанды интеллект модельдерін әзірлеу, жоғары өнімді есептеу жүйелерін сүйемелдеу үшін мыңдаған инженер, бағдарламашы және зерттеуші қажет болады. Сондықтан адами капиталды дамыту да маңызды мін­дет­ке айналып отыр. Бұл тұрғыда Alem.ai алаңында Firebird Labs Kazakhstan орталы­ғын құру туралы келісімнің маңызы зор. Мұндай орталықтар жаңа буын инженер­лерін даярлауға және халықаралық тәжіри­бені елге тартуға мүмкіндік береді.
Firebird компаниясының негізін қалау­шы әрі бас директоры Размик Овакимян Қазақстанның бұл бағыттағы әлеуеті жоғары екенін, жобаның іске қосылуы елімізді ЖИ инфрақұрылымы бойынша әлемдегі жетекші 10 елдің қатарына шығаруы мүмкін екенін айтты.
– Қазақстанның 2026 жылды  «Жасанды интеллект жылы» деп жариялау жөніндегі көреген шешімін ерекше атап өткім келеді. Қазақстанға алғаш келген кезде-ақ елдің биік мақсаттары, технологиялық тәжірибесі мен адами капиталы әлемдік деңгейде екені бірден байқалды. Бүгінде жасанды интеллек­тінің озық есептеу қуаттарына, таланттарды дамытуға және инновациялық экожүйелерге инвестиция салып жатқан елдер ертеңгі эко­номикалық мүмкіндіктерді қалыптас­тыратын болады. Firebird АҚШ-тың озық тех­но­логияларын енгізу тәжірибесін, жаһан­дық жасанды интеллект экожүйесіндегі тығыз серіктестік байланыстарын және ірі ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды қауіпсіз әрі ерекше жылдамдықпен жүзеге асыру қабілетін біріктіреді. 2027 жылы жобаны іске қосу Қазақстанды әлемдегі жетекші он елдің қатарына қосады. Біздің командамыз мықты, мүмкіндіктеріміз зор және біз Қазақстан Үкіметімен, NVIDIA компаниясымен және АҚШ-тағы серіктес­терімізбен ынтымақтаса отырып, Қазақстан­ның мақсат-мұратын шынайы жүзеге асыруға өз үлесімізді қосатынымызға қуан­ыш­тымыз, – деді Размик Овакимян.
Әрине, мұндай болжамның орындалу-орындалмауы көптеген факторға байланыс­ты болмақ. Дегенмен әлемдік технология алпауыттарының елімізге қызығушылық танытуының өзі елдің жаңа цифрлық экономикадағы орнын айқындауға мүмкін­дік беретін маңызды белгі деп есептей аламыз.
– Біз ондаған жылға есептелген инфра­құрылымды қалыптастырып жатырмыз. Жобаны жүзеге асыру заманауи есептеу ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге, жасанды интеллект технологияларын енгізуді жеделдетуге және технологиясы озық жаһандық компанияларды тартуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – Қазақстанда Еуразия­дағы ең ірі цифрлық кластерлердің бірін қалыптастыру, – деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
Сарапшылар бұл келісімді Қазақстанның цифрлық экономикаға көшуіндегі ең маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалап отыр. IT саласының сарапшысы Абылайхан Жүсіпбектің айтуынша, NVIDIA сияқты жаһандық технологиялық компаниялармен серіктестік орнату елдің саладағы әлеуетін айтарлықтай күшейтеді. Оның пікірінше, жоба толық іске асқан жағдайда Қазақстан тек технология тұтынушысы емес, цифрлық сервистер мен жасанды интеллект шешім­дерін экспорттай алатын өңірлік орталыққа айнала алады. Сарапшы сондай-ақ «Дерек­терді өңдеу орталықтарының алқабы» жоба­сын цифрлық экономиканың базалық инфрақұрылымын қалыптастыратын баста­ма ретінде сипаттайды. Қазіргі кезеңде жасанды интеллект жүйелері, мемлекеттік цифрлық платформалар мен ірі бизнес сервистер жоғары қуатты деректер орталық­тарына тәуелді. Дегенмен ол инфрақұрылым салу жеткіліксіз, кадр даярлау, энергия тиімділігі және деректер қауіпсіздігі қатар дамуы тиіс екенін атап өтеді. Осы шарттар орындалған жағдайда жоба өңірдегі ең ірі цифрлық бастамалардың біріне айналуы мүмкін.
Киберқауіпсіздік саласының сарапшысы Лаура Тлепинаның пікірінше, бұл келісімді ел тарихындағы ең ірі IT инвестиция ретінде қарастыруға болады. Оның айтуынша, 10 млрд доллар көлеміндегі жоба NVIDIA GB300 және Vera Rubin чиптеріне негізделген 100 мың GPU-ға дейінгі есептеу кластерін Қазақ­стан аумағында құруға мүмкіндік береді. Сарапшы ең алдымен бұл жобаның техноло­гиялық тәуелсіздік тұрғысынан маңызын атап өтеді. Қазір Орталық Азия елдерінің көпшілігі жасанды интеллект инфрақұ­рылымы бойынша сыртқы платформаларға тәуелді. Өз аумағында GPU-кластерлердің болуы деректерді ел ішінде өңдеуге, ғылыми зерт­теулер мен стартаптардың сыртқы инфр­ақұрылымға тәуелсіз дамуына жол ашады. Дегенмен сарапшы бірқатар қауіп пен тәуекел барын да жасырмайды.

Абылайхан Жүсіпбек,
IT саласының сарапшысы:

Цифрлық экономиканың негізін қалайтын бастама

– Бұл келісімді еліміздің цифрлық экономикаға көшуіндегі маңызды кезеңдердің бірі деп бағалауға болады. Әлемде жасанды интеллект технологиялары қар­қынды дамып жатқан уақытта NVIDIA сияқты ком­пания­л­армен серіктестік орнату еліміздің технологиялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Егер жобалар толық іске асса, Қазақстан тек тех­нологияны тұтынушы емес, өңірлік деңгейде цифрлық сервистер мен ЖИ бастамаларды экспорттайтын орта­лық­қа айнала алады. Бұл отандық стартаптар мен IT компанияларының дамуына да оң әсерін тигізеді.
«Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасы – цифрлық экономиканың негізін қалайтын инфрақұрылымдық бастама. Қазір жасанды интеллект жүйелері, мемлекеттік платформалар және ірі бизнес сервистер қуатты деректер орталықтарын қажет етеді.
Алайда мұндай жобалардың тиімділігі тек инфрақұрылым салумен шектелмейді. Бізге халықаралық деңгейдегі инженерлерді даярлау, энергия тиімділігін қамтамасыз ету және деректер қауіпсіздігін күшейту қажет. Осы факторлар ескерілген жағдайда жоба өңірдегі ең ірі цифрлық бастамалардың біріне айналуы мүмкін.

Лаура Тлепина,
киберқауіпсіздік саласының сарапшысы:

Ішкі жүйеміз дайын болуы керек

– Премьер-Министр Олжас Бектенов NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредян мен Firebird компаниясының негізін қалаған Размик Овакимян, Александр Есаянмен өткен кездесу нәтижесінде екі стратегиялық құжатқа қол қойды. Бұл оқиға Мемлекет басшысы «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялаған жылда, «Digital Qazaqstan» ұлттық стратегиясы қабылданған аптада болды. Бұл бос декларация емес, нақты инфрақұрылымдық жоба. 10 млрд доллар инвестиция NVIDIA GB300 және Vera Rubin чиптерін қоса алғанда, 100 мың GPU-чипке негізделген ірі есептеу кластерін Қазақстанда құруға мүмкіндік береді. 
Ең алдымен, технологиялық тәуелсіздікке жол ашылады. Бүгінге дейін Орталық Азия елдері ЖИ инфрақұрылымы бойынша батыс немесе Ресей платформаларына тәуелді болды. Өзімізде GPU кластер болса, ғалымдар мен стартаптардың деректерін сыртқа шығармай-ақ өңдей алатын есептеу қуатымыз болады.
Екіншіден, бұл – экспорт мүмкіндігі. Бұл жоба жылына кемінде 3 млрд доллар экспорттық кіріс әкелетіні айтылды. Яғни, Қазақстан тек тұтынушы емес, ЖИ есептеу қызметтерін экспорттаушы елге айнала алады.
Үшіншіден, білікті мамандар даярлап, стартап экожүйесін құруға мүмкіндік туады. Заманауи деректер орталықтарын және есептеу платформаларын дамыту инвестиция тарту, кадр даярлау және экспортқа бағытталған технологиялық бағыттардың нақты базасын құруға жол ашады.
«ДӨО алқабы» – Орталық Азия масштабындағы бенчмарк жоба. Бұл секілді инфрақұрылым көрші елдерде жоқ, яғни, Қазақстан аймақтық ЖИ хабқа айналуға нақты мүмкіндік алады. «ДӨО алқабының» негізгі стратегиялық мәні цифрлық әлемде экономикалық егемендікті сақтау мәселесіне келіп тіреледі. Қазір дерек орталықтарының қуатын арттыру тренд емес, экономиканың тіршілік ету шартына айналды. 
Енді сын-қатерге тоқталайын. Бірінші – энергетикалық тәуелділік. Бұл – жобаның ең осал тұсы. «ДӨО алқабы» Екібастұз бассейнінің көмір генерациясына негізделіп жұмыс істейтін болады.  Болашақта энергия тұтыну қажеттілігі 1 ГВт-қа дейін өсуі мүмкін. Бүгінде Қазақстанның энергожүйесінде тапшылық бар, оны Ресейден электроэнергия импорттап жауып отырмыз.  Дерек орталықтарын осал энергожүйеге тіреу – бұл айтарлықтай зор тәуекел.
Екіншіден, технологиялық тәуелділік. NVIDIA аппаратурасына концентрацияланған инвестиция санкция қаупін немесе технологиялық тізбектің үзілу қаупін туғызады. АҚШ экспорттық бақылауы (export controls) кез келген уақытта шарттарды өзгерте алады, және бұл прецедент 2022-2024 жылдары Қытай кейсінде нақты байқалды.
Үшіншіден, «Анкла» қаупі. Инфрақұрылым салынады, бірақ өзіміз білікті мамандар даярлап үлгермесек, ЖИ өнімдер экожүйесін құруды кешіктірсек, «жалға берілетін есептеу алаңына» айналып кетуіміз мүмкін, яғни пайданың сыртқа шығуы ішкі нәтиже бермейді.
Киберқауіпсіздік мәселесін де айтпай кетуге болмайды. 100 мың GPU кластері – стратегиялық нысан ретінде кибершабуыл нысанасына айналуы ықтимал. Мемлекеттік деңгейдегі қорғаныс доктринасы болмаса мұндай инфрақұрылымды іске қосу қауіп үстіне қауіп болмақ.
Қорытындылайтын болсақ, бұл – ел тарихындағы ең ірі IT инвестиция. Әлеуетіміз бар екені анық. Бірақ жоба тек сөз жүзіндегі жемісті келісім болып қалмауы үшін энергетикалық инфрақұрылым, маман даярлау жүйесі мен киберқауіпсіздік стратегиясы қатар дамуы шарт. Инвестиция – кілт. Бірақ қақпаны ашу үшін ішкі жүйеміз дайын болуы керек.

Осылайша, еліміздің NVIDIA, Firebird сияқты жаһандық технологиялық компаниялармен мәміле жасасуы айтарлықтай маңызды оқиға ретінде бағаланып отыр. Екібастұзда ашылатын дерек орталықтарының алқабы жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономикалық модельдің іргетасына айналуы мүмкін. Дегенмен сарапшылар жобаның табысты жүзеге асуы бір ғана инвестицияға емес, бірқатар факторға тәуелді екенін айтады. Энергетикалық инфрақұрылымның тұрақтылығы, білікті маман даярлау жүйесі мен киберқауіпсіздік деңгейі осы мүмкіндікті қалай іске жарататынымызды анықтамақ. Яғни, бұл мүмкіндік қана емес, сынақ та болып отыр. 

Тэгтер:

IT инвестиция NVIDIA