Алаш аманатын арқалаған азамат

Бүгін, 15:00 / Túrkіstan IPW
сурет: istockphoto.com

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде халықаралық журналистика мамандығы бойынша білім алып жүрген кезіміз. Баспасөз тарихынан сабақ берген ұстазымыз қазақтың алғашқы қолжазба журналдары туралы мәлімет жинауды тапсырды. Сол уақытта қолыма «Руханият» деген сарғыш кітап түсті. Авторы Дихан Қамзабекұлы екен. Осылайша, алаштанушы ғалымның алдымен кітабымен танысу нәсіп болды.

Мектепте жүргенімізде Ахмет, Мір­жақып, Мағжан секілді Алаш қайрат­кер­лерін қаламгер ретінде ғана таныдық. Шы­ғар­маларын ғана оқығандықтан, қай­ра­т­керлік қырына аса біліңкірей бермедік. Университетте оқыған оқулықтарымыз да негізінен кеңес уақытында, сол уақыттың көзқарасымен жазылған кітаптар еді. Соның ішінде қазақ баспасөзінің тарихы туралы оқулықтар Алаш тақырыбынан аттап кететін. Тіпті, кейбірі Алаш азамат­тарын айыптап, сынай жөнелетін. Ал «Руханият» мүлдем басқаша. Мұндағы Алаш азаматтары мүлдем басқа адамдар. Бірі газет-журнал ашып, тағы бірі ұйым құрып, қалай қазақты оятамыз, қайтіп қазаққа қызмет етеміз деп жүрген нағыз ұлтын сүйетін азаматтар. Оқып отырып, сүйсіне­сің. Солар секілді болғың, солар бастаған істі ары қарай жалғағың келеді. Бізді Алаш тақырыбына қызықтырған, Алаш арыс­тарына жақындатқан «Руханият» секілді кітаптар еді. 
Заманында Мағжан Жұмабаев, Смағұл Садуақасұлы, Қошке Кемеңгерұлы секілді ұлт қайраткерлері Омбыда оқып жүрген шәкірт кездерінде «Балапан» қолжазба журналын шығарғанын, сол арқылы өздерінің азаматтық үнін білдіргенін осы «Руханият» кітабынан оқыдық. Сол секілді кітаптан «Балапанның» шығарушылары жолға қойған Қызылжардағы «Жас азамат», «Қазақ» газетінің ұлттық миссиясын жалға­ған Семейдегі «Сарыарқа», Мұстафа Шоқай туын көтерген Ташкенттегі «Бірлік туы» газеттері туралы құнды мәліметтермен тан­ы­с­ып, Алаш арыстарының газет шы­ғарудағы жанкештілігін, азаматтық ұстанымын, ұлтқа қызмет ету жолындағы ерен еңбегін біліп, ой елегінен өткердік. Сол кезде журналистика мамандығында біліп алып жүрген, әлі де бағыт-бағдарын танып, көзқарасы қалыптасып үлгере қоймаған балаң шәкіртке бұл ақпараттар темірқазық іспетті жол көрсетті.
Кітаптан сонымен қатар Әлихан Бө­кей­ханның өзі хат жолдап, қолына қалам алуға шақырған Дінше Әділұлы, Алашты маса болып ызыңдап оятқан Ахмет Байтұрсынұлы, қазақ әдебиетінің қоржы­нын отты жырларымен толықтыр­ған Мағжан Жұмабаев, ел ертеңі үшін аянып қалмаған Алаш арысы Мырзағазы Есбол­ұлы, қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан Телжан Шонанұлы, қазақ драматургия­сының алғашқы өкілі Қошке Кемеңгерұлы, қазақ тұрмысын шығармаларына арқау еткен жазушы Бейімбет Майлин, біртуар қоғам һәм мемлекет қайраткері Смағұл Садуақасұлы т.б. тау тұлғалар жөнінде тың деректермен танысып, олардың тағдырлы өмір жолының қалтарыстарына бойладық. Дихан Қамзабекұлының кітабынан сон­дай-ақ Мағжан Жұмабаевтың қазақ жазу­шы­ларын жаңа деңгейге шығарған «Алқа» әдеби-шығармашылық ұйымын құрғанын, Ташкентке шоғырланған қазақ оқығандары Халел Досмұхамедовтің төрағалығымен «Талап» мәдени-ағарту ұйымын ашқанын, сол арқылы қазақ мәдениеті мен әдебиетіне, тарихына қатысты басқосулар, дәрістер ұйымдастырғанын, сол секілді Омбыда оқыған қазақ жастарының атсалысуымен «Бірлік» ұйымы құрылып, осы ұйымның бастамасымен «Балапан» қолжазба журна­лы шығарылғанын, кейін барлық қазақ жастарының басын қосу мақсатында «Бір­лік» секілді ұйымдар бірігіп, «Жас азамат» ұйымының құрамына қосылғанын, жаңа ұйым жастарының Қызылжардан «Жас азамат» деген газет шығарып, бұрынғы «Балапанның» бағыт-бағдарын өздеріне негіз етіп алғанын да осы кітаптан оқып-білдік. Сөйтіп, біздің де көңілімізде «ұлтқа шәкірт кезден қызмет етуге болады екен-ау» деген ой ұшқыны пайда болды. Сол ұшқын жалынға айналып, университет жанынан әдеби-публицистикалық бірлес­тік аштық. Бірлестік атынан түрлі байқау­лар, басқосулар ұйымдастырдық. Оқу орда­сына елге еңбегі сіңген, айтары бар аза­маттарды шақырып, солардың сұхбат­ын, сөзін тыңдадық. Жазушы-журналист, соғыс ардагері Әзілхан Нұршайықов, ақын Өтежан Нұрғалиев, жазушы Орысбай Әбділ­даұлы, қоғам қайраткері Болатхан Тайжан, «Азаттық» радиосының ардагер қызметкері Хасан Оралтай секілді аға буын өкілдерімен кездесу ұйымдастырдық. Жасы жетпістен асқан Хасан Оралтай бізге Германияның Мюнхен қаласынан келді. Қарап отырсақ, қазір солардың ешқайсысы өмірде жоқ. Алайда айтқан сөздері құлақта қалды. Әрқайсысынан бір мотивация алдық. Бұл да болса, Уфадағы «Ғалия», Омбыдағы Мұғалімдер семинариясында оқып жүріп, елдік істерге араласқан Алаш арыстарына еліктеп істеген алғашқы бастамамыз болатын.
Университетті бітіргеннен кейін де Алаш азаматтары бізден алыстаған жоқ. Газет-журналдарда қызмет еткен кезде де со­лар секілді жазсақ, қаламымызды қоғам­ға пайдалы, қазаққа қажет дүниелерге ғана суарсақ дедік. Алаш арыстарының өздерін көрмесек те, солардың ұрпақтарын, олар хақында індете зерттеген алаштанушы ғалымдарды көріп, солардың ақыл-кеңесін алуға тырыстық. Сөйтіп, студент кездегі Алаш тақырыбына деген қызығушылық одан сайын арта түсті. Алматыда жүргенде, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Ғарифолла Әнес, Астанаға келгенде Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабекұлы, Сұлтан-Хан Аққұлы секілді Алаш қайраткерлерін зерт­те­ген ғалымдармен сұхбаттас болып, көп нәрсені үйрендік. Солардың қатарында Дихан Қамзабекұлының есімін ерекшелеп айтуға болады. Ғылым жолына түсіп, тіке­лей шәкірті болмасақ та, тілшілік ізденісі­мізге әрдайым тілектестігін білдіріп келеді.
«Айқын» газетінде қызмет істеп жүрген кезде Алаш жиі айналып соғатын тақырып­тың біріне айналды. Барынша тың дүние­лер табуға, Алаш арыстарының белгісіз қырларын ашуға талпыныс жасап көрдік. Бұл ізденіс кейін тұлғалардың бұрын бей­мәлім болып келген фотосуреттерін табуға жалғасып жатты. Әйтеуір, газеттің әр санына болмаса да, аптасына бір Алаш қозға­лысының айналасындағы бір таным­дық тақырыпты оқырманға ұсынып отыр­дық. Сондай бір мақаламыз Алаш арыста­ры­ның орыс жарлары туралы еді. Газет болған соң, оның үстіне күнде шығып жат­қан соң, кейбір техникалық қателіктер амалсыз кетіп қалып жататыны белгілі. Мақаламыздың шикі нұсқасында Смағұл Садуақасұлының жары Елизаветаны да орыс қыздарының қатарына қосып жіберіп­піз. Газет беттелген соң, мақаланы үстінен тағы бір қарайтын әдетпен екінші рет оқығанда әлгі қатені дереу байқай қойып, түзеттік. Алайда келесі күні газет шыққанда түзетілген дүние бұрынғы қалпында шығыпты. Оны байқаған – саналы ғұмырын Смағұл Садуақасұлының өмірі мен еңбегін зерттеуге арнаған Дихан Қамзабекұлы. Ол газеттің сол кездегі бас редакторы Нұртөре Жүсіпке хабарласып, әлгі қатені айтпай ма? Редактор газетті қолына алып мақаланы екі қайтара оқиды, ондай ештеңе таппайды. Сөйтсек, бірінші бетін­дегі аңдатпада бастапқы түзелмеген нұсқаның кіріспесі кетіп қалыпты. Мәселе­нің қайда жатқанын көре қойған Нұртөре Жүсіп әзілдеген болып: «Қала­саңыз, мен ол баланы жұмыстан шығарып жіберейін», – депті. Сөйтсе, Дихан Қамза­бекұлы: «Жо-жоқ, шығара көрмеңіз, Смағұл Садуақас­ұлын дұғасына қосып жүрсе жетеді», – депті. Осы әңгімені естіген кезде біріншіден, алаштанушының Смағұл Садуа­қасұлына қатысты әрбір деректі көзінен таса қыл­май­тын қырағылығына, екіншіден, жан баласына қиянат қыла алмайтын әділдігіне сүйсінген едік. 
Шынында, Дихан Қамзабекұлы десе, Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның күйеу баласы, қайын атасы секілді қазақ­тың бағына туған саяси қайраткер Смағұл Садуақасұлы еске түседі. Олай болатын жөні бар. Себебі Дихан Қамза­бекұлы Сма­ғұлдың ғұмыры мен еңбегін бес саусағын­дай жатқа біледі. Оның жүріп өткен жолы, әдеби-сын еңбектері, көркем шығармалары, журналистік жазбалары, «Балапан» жур­налына, «Жас Азамат», «Еңбекші Қазақ» газет­теріне қосқан үлесі, сонымен қатар қайраткерлік тұлғасы мен ұлт тарихындағы орнын талдап-таразылады. «Смағұл құбы­лысы» деген ұғымды әбден өзегінен өткізіп зерттегені сондай, әр сөзін Смағұлдың өмірі мен жазбасымен сабақтап отыратыны тағы бар. Бұл да болса ғалымның өз та­қыры­бын өмірімен қабыстырып жібергені­нің айғағы. Тіпті, Смағұлдың күлін елге әкеліп, Астананың ортасындағы Кенесары хан сарбаздары жай тапқан мазаратқа қайта жерлетіп, басына көк тастан белгі қойдыруы да оның зерттеуші ғана емес, қайраткерлік қырынан да хабар береді. Қазір айтуға оңай болғанымен бұл істің өзі көп адамның ерік-жігері жете бермейтін елеулі іс еді. Бұл да Дихан Қамзабекұлының ғылымға деген, таңдап алған тақырыбына деген адалдығының белгісі болса керек.
Былтыр Қазақстан Жазушылар одағы­ның жобасы бойынша Ресейге, соның ішін­де Уфа қаласына барып, бұрыннан ықы­ласы­мыз ауып жүрген «Садақ» журналына қатысты деректер іздедік. «Бір жоқты бір жоқ табады» демекші, «Садақты» іздеп жүргенде, «Балапан» туралы дерекке көз түсті. Бір саны Омбыдағы музейлердің бірінде сақталған болып шықты. Сөйтіп, сүйінші хабарды «Балапан» жөнінде алғаш болып жазған ғалымдардың бірі Дихан Қамзабекұлы мен осы журналдың редак­торы болған Қошке Кемеңгеровтің ұрпағы Қайырбек Кемеңгерге жеткіздік. Қайырбек аға риза болып, қолжазба журналдың көшір­месін Омбыдағы музейден алдырып беруге көмектесті. Ал Дихан аға бұл жаңа­лыққа балаша қуанып, Смағұл Садуа­қас­ұлының қайраткерлік жолының бастауы саналатын «Балапанның» бір саны табыл­ғаны туралы мақаламды өзі басқаратын Egemen Qazaqstan газетінің алғашқы бетінен бастап жариялап, оқырмандардан сүйінші сұрады. Сонда ғалымның өз ісіне құлай берілгенін тағы бір байқадық. 
Смағұл секілді Дихан ағаның тағы бір тақырыбы – қазақтың дін қайраткері, Орта­лық Азия және Қазақстан мұсылман­дары дін басқармасының қазиі Сәдуақас қажы Ғылмани. Бүгінде Алаш қайраткерлері хақында жиі айтылғанымен, дін адамдары тақырыбын көп адам айналып өтеді. Мұның себебі – біріншіден, дін тақырыбына бойлай алмауы, екіншіден, дін адамдарын қоғамға үлес қосқан қайраткерлер қатары­на қосқысы келмеуі. Ал Дихан Қамзабекұлы ұлтқа қызмет еткен дін қайраткерлерінің есімін ұмыт қалдырған емес. Бір өзі тұтас Исламтану орталығының жұмысын атқар­ған Сәдуақас қазидің өмірі мен қызметі туралы зерттеп қана қоймай, оның еңбек­те­рінің жарық көруіне ықпал етті. Сәдуақас қажы Ғылманидің соңында қалған қомақ­ты мұраларын жүйелеп, 2010 жылы жазу­шы Дидахмет Әшімханұлы басқаратын «Ел-шежіре» баспасынан жарыққа шығар­ды. Сол секілді қазақтың дін ісін ілгерілет­кен Көкшетау аймағынан шыққан Науан хазірет Таласұлы, Қызылжар өңірінің тумасы Мағди қажы Мақұлұлы секілді дін қайраткерлерін де қаламына арқау етті. Әлихан айтқандай, орыс үшiн Ломоносов қандай болса, қазақ үшiн Науан хазіреттің тарихи орны сондай екенін Дихан Қамза­бекұлы үнемі шегелеп айтып келеді. Ербол Тілешов екеуі «Алаш қозғалысы» энцик­лопедиясын құрастырған кезде Мағди қажыны жинаққа жеке тақырып ретінде қосып, оның Уфадағы Орталық мұсыл­мандар дін басқармасы жанынан шыққан «Ислам» журналында жарияланған мақала­ларына талдау жасауы да ғалымның діни тұлғаларға деген құрметінің биік екенін көрсетеді. 
Дін дегеннен шығады, осыдан алты жыл бұрын, пандемия кезінде Абай Құнан­байұлының 175 жылдығына орай еліміздегі жалғыз діни газет «Мұнара» газеті атынан шығармашылық байқау жарияладық. Байқауға «сен тұр, мен атайын» деген кілең мықты қалам иелері қатысқан екен, жеңім­паз­дарды анықтау қиынға соқты. Сол кезде журналистикадағы ұстаздарымыз Жан­болат Аупбаев пен Нұртөре Жүсіп, сондай-ақ ол кезде Еуразия ұлттық университетінің проректоры болып қызмет ететін Дихан Қамзабекұлы ағаларымыз қазылық етіп, жеңімпаздарды анықтады. Сонда ғалым­ның өз ісіне жүрдім-бардым қарамай­тыны­на, алпысқа жуық шығарманы түгел оқып шығып, әрқайсысының артықшылығы мен кемшілігін дөп басатын қабілеті мен әділдігіне қайран қалған едік. Былтыр жыл басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен дін қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг өтті. Осы жиында да Дихан Қамза­бек­ұлы Алаш қайраткерлерінің діни ұстанымына қатысты жан-жақты талдау жасап, тамаша дәріс өткізді. Әлі күнге дейін сол жиынға қатысқан өңір имамдары ғалымның сол кезде айтқан сөздерін тебіреніп айтып жүргенін көрдік.
Алаш тақырыбына әр адам өзінің талғам-таразысы, ой-өресі, зейін-зердесіне қарай әртүрлі қырынан келеді. Біреулер үшін Алаш – өмірінің мәні, енді біреулерге Алаш тақырыбы – биік мінберге жеткізер жол, тағы біреулер үшін Алаш көпке жағынудың, талайға танылудың мүмкіндігі секілді көрінеді. Ал Дихан Қамзабекұлы үшін Алаш ауа мен су секілді. Ғалымның қай еңбегін алсаңыз да, ішінде Алаш бар. «Алаштың рухани тұғыры» ғылыми зерт­теуі, «Алаш арқауы» зерттеу кітабы, ұлт пен ұрпақ тақырыбын тереңнен қаузаған «Жұрт» жинағы, жоғарыда аталған тоқса­ныншы жылдары жарық көрсе де, көтерген тақырыптары әлі де тың «Руханият» кітабы, ел мен жер тақырыбына қатысты ой-орам­дары топтастырылған «Пайым» жинағы, басқа да еңбектері Дихан Қамзабекұлының дара ғалым ретіндегі болмысын ерекшелеп тұр. Алаштың рухы оның сөзінен ғана емес, әрбір әрекетінен көрініп тұрады. Содан болар солар салған жолмен жүріп келеді. Садуақасұлын зерттеген ғалымның бүгінде сол Смағұл қызмет еткен «Еңбекшіл қазақ» (қазіргі Egemen Qazaqstan) газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналын (қазіргі «Ақиқат») біріктірген «Қазақ газеттері» серіктігіне басшы болуы да бекер емес. Бұл ескі дәуір баспасөзінің жүйесін терең білетін ғалымға тарихи сабақтастықты бүгінгі медиамен ұштастыруға берілген мүмкіндік секілді.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде бола­шақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз», – деген жақсы сөзі бар. Қарапайым тілмен айтқанда «Өз уақытыңдағы міндетті өзің атқар, ертеңгі күнге қарыз қалдырма» деген сөз. Жай ғана сөз емес, мұны жауап­кершілік философиясы деуге де болады. Дихан Қамзабекұлы – осы ұстамға бекем болған, Алаш арыстарының аманатын арқалаған азамат. Бүгінде атқарған ісінің салмағын саралайтын алпыс жасқа жетіп отыр. Кімнің бұл өмірде қандай пайдалы іс істегені өмір жолына үңілгенде білінеді. Дихан Қамзабекұлының ғұмырына қара­саң, ұлт руханиятымен біте қайнасып жат­қанын көресің. Зерттеуші ретінде де, ұстаз ретінде де, ұйымдастырушы ретінде де, қаламгер ретінде де руханиятқа үлес қосты. Әлі де ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қызмет етіп келеді. Ғалымның өмір жолы – тұтас бір рухани дәуірдің айнасы. Ал ұлт руханиятына адал қызмет еткен азаматтардың еңбегі уақыт өткен сайын тереңдеп, мәні арта беретіні – өмірдің заңы.

Серікбол ХАСАН

Тэгтер:

аманат Алаш