Айбала Бекмұханбет: Кітапханаға маман қажет

Бүгін, 14:45 / Дана Ізтілеуова

Жақында Мемлекет басшысы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» туралы Жарлыққа қол қойған болатын. елдегі кітап пен кітапхана мәселелері турасында Ұлттық кітапхана қызметкері Айбала Бекмұханбетті әңгімеге тарқан едік...

– Жуырда Астанада «Мәдениет және инновация» форумы өтті. Сіз осы іс-шара­ның кітапхана бағыты бойынша ұйым­дастырушысы болдыңыз. Алдымен осы форумда қандай маңызды мәселелер көтерілді? Сол туралы айтсаңыз.

– Биылғы басқосу өте ерекше ұйымдас­ты­рылды. «Мәдениет және инновация» форумы аясында 600-ден астам қатысушы тіркелсе, оның ішінде кітапхана бағытына 180-ге жуық маман қатысты. 
Форум бағдарламасына әріптестерімізге барын­ша пайдалы болатындай спикерлерді тар­туға ты­рыс­тық. Олардың қатарында шетелдік қонақ­тарымыз да болды. Сонымен қатар жұмыс­та жасан­ды интеллектіні пайдалану бойынша жаңа бағыт­тар талқыланды. Осы тақырыптағы спикері­міз қа­тысу­шылардың қызығушылығын оятып, өте кере­мет кері байланыс болды. Екі Ұлттық кітап­хана­мыздың директорлары: Ұлт­тық кітапхана ди­рек­торы Ғазиза Нұрғалиева, Ұлттық акаде­мия­лық кітапхана директоры Күміс Сеиітова кітап­хана саласына байланысты мазмұнды баяндамалар жасады. Жиында көпте­ген ауқымды сұрақ талданды. Оның ішінде кітап­ханаға оқыр­мандарды қалай тартамыз, заманауи бағытқа қалай көшеміз, заңнамада ескерілмей қалған өзекті сұрақтар мен мамандықтың қоғам­дағы беделі мәселелері болды.
Форумның ең басты қонағы Үндістаннан келген сторителлинг шебері Дипа Киран болды. Біз осы өнерді өз ісімізде дамыта отырып, сол кісінің әдістері арқылы кітапханаға оқырман­дарды тартып, кітап оқудың қызықты әрі пайда­лы әдістерін дамытуды көздедік.

– Осы форум аясында шетелден қонақ шақырудағы басты мақсат – тәжірибе алмасу болды ма?

– Иә, бірінші күні форумның салтанатты ашылуы пленарлық жиынға ұласып, шетелден арнайы шақыртылған қонақтар: Jinbang (Henan) Cultural Tourism Development компаниясының төрайымы, креативті индустриялар саласындағы продюсер және стратег, өнер, технология және бизнес тоғысындағы мәдени кеңістіктердің авторы, (Қытай) Miss Min  «Мәдени кодтың күші: тарихтың иммерсивті жобалар арқылы бизнеске айналуы» тақырыбында,  Халықаралық сторител­линг шебері, педагог және зерттеуші. Story Arts Foundation қорының негізін қалаушы, IIT Madras университетінің оқытушысы әрі ғылыми қызмет­кері, (Үндістан) Дипа Киран  «Әңгімелеу мәден­иеті мен шешендік өнер: білім берудің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында және халықаралық продюсер, EVERSEE GmbH компаниясының не­гізін қалаушы және CEO, live entertainment саласының креативті көшбасшысы, (Германия) Артем Бадалян «Cirque du Soleil-ден Dragone-ға дейін: әйгілі шоулар қалай дүниеге келеді» тақыр­ып­тарында баяндама жасап, кейін секциялық жұмыста осы тақырыптарға кеңінен тоқталды. Мәдениет саласын жан-жақты дамытуға байла­ныс­ты көптеген пайдалы ақпарат айтылды.

– Мемлекет басшысы «Кітап оқу мәдение­тін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» туралы Жарлыққа қол қойғанын білеміз. Сіздіңше, осы Жарлықтың негізгі міндеті мен мақсаты не?

– Бұл Жарлық дер кезінде шықты. Себебі құжаттың мазмұнына терең үңілсек, кітап­хана­ларды жаңа заманауи форматқа көшіру, олардың қорын толықтыру және баспа ісін дамыту, халық­тың интеллектуалды ұлт ретінде дамуына орай кітап ұсыну және оқуына жағдай жасау  секілді мәселелердің барлығы қамтылған. Әр­түрлі жастағы оқырмандарды кітап оқуға баулу үшін көптеген жаңа әдіс қарастырылған. Мә­дениет, білім беру, инновация бағытында жұмыс істейтін мекеме­лердің алдында үлкен міндет, қажырлы еңбек тұр. 
Қазір мәдениет пен білім беру мекемелеріне қарасты барлық ведомство кітапханаларының жұмысын біріктіретін Ұлттық цифрлық кітап­хана платформасын құру мәселесі көтеріліп жатыр. Мәселен, Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты 4 000-ға жуық көпшілік кітапхана, білім беру жүйесінің өзінде 7 мыңнан астам мектеп кітапханасы бар. Қаншама жоғары оқу орындарының, бұдан бөлек медициналық, әскери және түзету мекемелерінің кітапханалары жұмыс істейді. Бұл барлық ведомстволарға қарас­ты кітапханалардың жұмысын көтере алатын, кітапхананың барлық жұмыс процесіндегі модуль­дерін, пайдалануышлардың цифрлы сұранысын өңдейтін, жинақтайтын  масштабты цифрлы платформа болуға тиіс. Жаңа құжат осылардың барлығының жұмысын бір жүйеге келтіруге септігін тигізеді деп сенемін. 
 Тәуелсіздік алғанымызға биыл 35 жыл толады. Кітапхана саласында қызмет етіп келе жатқаныма 15 жылға таяп қалды. Осы уақыт ішінде саланың қаншалықты дамып жат­­қанын, сонымен бірге нағыз қолдауды қажет ететін тұстарын да көріп келеміз. Осы жылдары қаншама кітапхана жабылғаны белгілі. Сол кез­дері негізгі назар қызметкерлерді тұрақтандыруға, жалақыны уақытылы беруге аударылса, қазір кітапханалар оқырман үшін барлық жағдайды жасауға, қажетті заманауи кітаптарды ұсынуға жұмыс істей білуі керек. Кітапхананың ең басты байлығы – бүгінгі қоғам сұранысына жауап бере алатын қоры.
Еліміз әлемдік деңгейде шығып жатқан жаңалықтардан, түрлі баспалардан жарық көрген құнды дүниелерден қалып қоймауы керек. Ол үшін біз оқырмандарымызға жаңа әдебиеттерді дер кезінде ұсына білуіміз қажет. Заман ағымына қарай құжаттар да, біздің жұмыс бағытымыз да заманауи форматқа өзгеріп отыруы тиіс. Біздің сала мамандарының осы өзгерістерді игеріп кетуге  білімі мен құзірет­тілік­тері жеткілікті ме? Қорды толықтырғанмен, оны дұрыс сақтайтын, пайдалануға ыңғайлы, заман­ауи кеңістікке бейімдеу мәселесі тұр. Осы мәсе­лелер аталған Жарлықты іске асыруда ескеріледі деп сенемін.

– Елдегі кітапханалардың қорын жаңар­ту, жаңа технологиялар енгізу және кітап­хана кеңістігін ыңғайлы әрі тартымды ету үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?

– Кітапханаларды заман­ауи техноло­гиялармен қамтамасыз етсек, бұл біздің болашағымыз үшін жасалған үлкен инвес­тиция болары сөзсіз. Бұл үрдіс тек Астана мен Алматыда ғана емес, басқа да аймақ­тар мен мегаполистерде кеңінен қолға алынса екен дейміз.
Осы тұста тағы бір өзекті мәселе шығады, ол – білікті мамандардың тапшылығы. Қазір санау­лы оқу орны мамандар дайындайды. Бірақ сонда да кадр тапшылығы сезіледі. Себебі жас маман­дардың көбісі үлкен қалаларда қалып қояды да, өңірлердегі кітапханалар мамансыз қалып жата­ды. Оның үстіне, көп жылдық тәжірибесі бар білікті мамандарымыз лек-легімен зейнетке шы­ғуға дайын тұр. Осы мәселелердің түйінін шешу­де де аталған Жарлықтан зор үміт күтеміз. Нақты айтатын болсақ, кітапхана мамандығының беделін арттыру, өңірге барған жас маманға жағдай жасауды қарастыру қажет.

– Сіз Астана қаласындағы Ұлттық Акаде­мия­лық кітапханада қызмет еттіңіз, қазір Алматыдағы Ұлттық кітапханада жұмысың­ыз­ды жалғастырып жатырсыз. Осы екі ірі ұлт­­тық мәртебесі бар кітапхананың айыр­ма­­шы­лығы мен өзіндік ерекшеліктері қандай?

– Жалпы, қос ұлттық кітапхананың ең басты міндеті – ұлттық мұраны жинақтау, толықтыру және оны болашақ ұрпаққа аман-есен жеткізу. Осы тұрғыдан алғанда, екі мекеме де бір мақсатта жұмыс істеп жатыр. Әрине, олардың география­лық орналасуына және атқаратын қызметтеріне байланысты өзіндік кішігірім айырмашылықтары мен ерекшеліктері де жоқ емес.
Мысалы, өзім Астанадағы Ұлттық Академия­лық кітапханада маман ретінде қалыптастым. Менің кәсіби тұрғыдан шыңдалуыма, шынын айту керек, сол кездегі маман тапшылығы да белгілі бір дәрежеде әсер етті. Өйткені жастардың арасында арнайы кітапханалық білімі бар мамандар өте сирек, бірді-екілі ғана болатын. Сондай кезде жүктелген тапсырмалардан қаш­пай, жауапкершілікті сезініп жұмыс істей бергеннен кейін тәжірибең де артады, деңгейің де өседі, көп нәрсені үйренесің.
Жастардың, жаңа толқынның кітап оқуға ықыласы өте жоғары. Осы орайда баспалардың да жұмысына тоқтала кеткен жөн. Жақында өткен үлкен форум кезінде кітапхана холында шетелдік қонақтарды жолықтырдым. Олар Моңғолиядан келген ғалымдар екен. Сол күндері Алматыда «Алтын Орда» кітаптарының тұсау­кесері өтіп, оған жан-жақтан, шетелдерден көп­теген қонақ келген болатын.
Сол ғалымдар маған: «Елімізге Қазақстанның тарихына қатысты академиялық кітаптар сатып алып кеткіміз келеді, қандай дүкендерді ұсына­сыз?» деп сұрақ қойды. Мен біздегі бар «Меломан», Астанадағы «Абай» кітап үйі сияқты орындарды айтып жатыр едім, олар: «Меломаннан» басқа жер бар ма? Ол жерде Қазақстанның тарихына қа­тысты терең, академиялық кітаптар аз екен», – деді.
Сол шақта мен де ойланып қалдым... Бізде ака­демиялық бағыттағы кітаптар өте аз немесе оқырманға қолжетімсіз. Көбіне жоғары оқу орындары мұндай еңбектерді өз баспаларынан аз тиражбен шығарады да, олар сол оқу орнының айналасынан аспай қалады. Ал көпшілік қауымға, шетелдік зерттеушілерге жетпейді.
Нарықта біздің тарихымыз бен мәдениеті­мізді дұрыс насихаттайтын академиялық кітап­тарға сұраныс жоғары. Мұндай кітаптарды, қа­жет болса, эксклюзивті етіп немесе шағын тираж­бен болса да шығарып, кеңінен таратуды ескеру керек. Біз өзіміз де шетелге шыққанда еліміз туралы сауатты, сапалы кітап алып барғы­мыз келеді, бірақ кейде сондай дүние таппай қиналатынымыз жасырын емес.

–  Іс-тәжірибе алмасу бағытында шетел­дерге көп барып жүрсіз ғой. Олардан біз не үйренуіміз керек?

– Маман тапшылығы тек бізде ғана емес, басқа елдерде де бар. Алайда өзге мемлекеттерде кітапханаға басқа саладан қызметкер қабыл­данса да, ол міндетті түрде кітапханалық білімін жетіл­діретін арнайы курстан өтеді. Осындай жүйелі курстар бізге де аса қажет. Сонда кітапханада жұмыс істей­тін әрбір адам, ең алдымен, өзінің кітап­ханашы екенін, оның кәсіби жауапкер­шілігін терең сезінетін болады. Бұл үрдіс өз кезегінде іске деген жанашырлықты, оқырманды дұрыс түсінуді қалыптас­тырады. Кітапханашы­ның оқырман алдындағы, тіпті ұлт алдындағы міндеті зор десем, артық айтқандық емес.
Сондықтан басқа мамандықтан келгендер немесе бұл саладан қол үзіп қалып қайта орал­ған­дар міндетті түрде біліктілікті арттыру курс­тарынан өтуі тиіс. Бізде екі ұлттық кітапхананың да жанында біліктілік арттыру мектептері бар, бірақ өкінішке орай, біз беретін сертификат­тардың құқықтық күші әлсіз. Осы тұрғыда жаңа Жарлық аясында қос ұлттық кітапхана беретін сертификаттардың мәртебесін көтеру мәселесі қарастырылса екен деймін. Әрине, білімді терең­дету үшін де оқуға болады, бірақ бұл құжаттың маманның жұмысқа орналасуына немесе ынталандырылуына заңды түрде септігі тигені дұрыс.
Сонымен қатар көбіне ТМД елдеріндегі кітап­ханалардың жұмысымен таныстым. Оның ішінде Ресейдің кітапхана ісін ұйымдастыру тәжірибесін мойындау керек. Оларда кітапхана жұмысы өте жүйелі. Маған, әсіресе, олардың «Мәден­иет» мемлекеттік бағдарламасы аясында кітапханаларды дамыту тетіктері ұнайды. 

– Енді өзіңіз қазір қызмет атқарып жат­қан Ұлттық кітапхананың тікелей жұмысы­на ойыссақ. Ұлттық кітапхананың қорында қанша кітап бар? Олардың сақталу жағдайы қалай және кітапхана толықтай сандық жүйеге көшіп болды ма?

– Ұлттық кітапхананың қорында 7 миллион­нан астам құжат бар. Кітапханамызда арнайы ма­мандар жұмыс істейді, олар күнделікті қорда­ғы қажетті температуралық режимді қадағалап отырады. Сондай-ақ бізде арнайы Консервация орталығы бар. Онда «ауырып қалған», яғни зең басқан немесе тозған құжаттарды тексеріп, оларды қалпына келтіру шараларын жүргізеді. 
Ұлттық кітапханада реставрация мектебі жұмыс істейді. Онда мамандар кітапты қалай күту керек, қандай қолайлы жағдай жасау қажет, жарықтың түсуі мен температурасы қалай болу керек екенін үйренеді.
Қазір елімізде жаңа кітапхана ғимараттары салынып жатыр. Бұйырса, екі қалада Прези­денттік кітапханалар бой көтереді деген жақсы жаңалық бар. Осы орайда, әлемдік үрдіске сай, табиғи жарықпен сәулеленетін, экологиялық тазалығы сақталған заманауи архитектуралық жобалар ескерілсе екен дейміз. Сондай-ақ жаңа кітапханалар салынған кезде қор сақтау бөлім­дерінде бірден шаңды автоматты түрде жинай­тын арнайы аппараттардың орнатылуы маңыз­д­ы. 
Ұлттық кітапхана цифрландыру бағытында көш бастап тұр. Қазақстандағы ең негізгі ортақ плат­форма – Қазақстанның Ұлттық электрондық кітапханасы (ҚазНЭБ) порталы бар. Осы пор­талға ең ауқымды әрі сапалы қор ұсынатын – біздің Ұлттық кітапханамыз. Бізде бұл бағытта жұмыс істейтін арнайы мамандар бар, олар цифр­лау жұмыстарын үздіксіз жүргізеді. Цифр­лау – бұл жай ғана сканерлеу емес, оның артында үлкен редакциялау, мәтінді тазарту жұмыстары тұр. Мұның бәрі бекітілген нормативпен жоспарға сай, жүйелі түрде іске асырылып келеді. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан 
Тамирис МАТЖАНОВА

Тэгтер:

маман кітапхана