Жастар саясаты туралы сөз болғанда көбіне тұрғын үй, оқу гранты, жеңілдетілген несие немесе әлеуметтік қолдау мәселесі айтылады. Әрине, мұның бәрі маңызды. Алайда ХХІ ғасырдағы табысты мемлекеттердің тәжірибесі бұл саланың мазмұны әлдеқайда терең екенін көрсетеді. Бүгінде дамыған елдер жастарды әлеуметтік қолдауға мұқтаж топ ретінде емес, елдің болашақ экономикалық қуаты мен қоғамдық тұрақтылығын көрсететін стратегиялық ресурс ретінде қарастырады.
Себебі кез келген елдің бәсекеге қабілеті білімді, бастамашыл әрі қоғамда белсенді ұрпаққа тікелей байланысты. Сондықтан қазіргі жастар саясатының негізгі мақсаты әлеуметтік көмек көрсетумен ғана шектелмей, жас азаматтың өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасауға бағытталған.
Әлемдік тәжірибе осының айқын дәлелі. Мәселен, Германия еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің байланысын күшейткен білім беру моделін қалыптастырды. Соның нәтижесінде жастар оқу барысында-ақ кәсіби тәжірибе жинап, еңбек нарығына дайын маман ретінде шығады. Ал Сингапур жастарды қоғамдық шешім қабылдау үдерісіне кеңінен тартып, көшбасшылық қабілет пен азаматтық жауапкершілікті дамытуға басымдық береді. Эстония мектеп қабырғасынан бастап цифрлық сауат пен кәсіпкерлік дағдыны қалыптастыру арқылы инновациялық буын тәрбиелеп келеді.
Бұл елдердің тәжірибесін біріктіретін ортақ ұстаным бар. Олар жастарды әлеуметтік саясаттың нысаны емес, экономикалық және қоғамдық дамудың белсенді қатысушысы ретінде қарастырады. Осы тұрғыдан алғанда, Финляндия тәжірибесі ерекше назар аударуға тұрарлық. Бұл елде оқуын аяқтаған немесе жұмыссыз қалған әрбір жас қысқамерзім ішінде жұмысқа, тағылымдамаға не қайта даярлау курсына жіберіледі. Мұндай тәсіл жастар жұмыссыздығын жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның мәселесі ретінде қарастырады.
Сарапшылардың пікірінше, жастар саясатының философиясы түбегейлі өзгерді. Бұрын мемлекет жастардың мәселесін шешуге ұмтылса, бүгінде олардың өз мәселесін дербес шеше алуына мүмкіндік беретін орта мен қажетті дағды қалыптастыруға басымдық берілуде. Бұл үрдістен Қазақстан да шет қалған жоқ.
2000 жылдары елімізде бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар басталды. 2004 жылғы 7 шілдеде «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданып, кейін институционалдық тетіктер кезең-кезеңімен күшейтілді. 2012 жылғы 30 шілдеде Білім және ғылым министрлігі жанынан Жастар саясаты комитеті құрылды. Артынша өңірлерде жастар ісі жөніндегі басқармалар жұмысын бастады.
Уақыт талабына сай заңнама да жаңартылып отырды. Атап айтқанда, заңға 2005, 2007, 2015, 2018, 2019, 2023, 2024, 2025 және 2026 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
2019 жылғы түзетулер жастарға арналған әлеуметтік қызметтер ұғымын заңнамалық деңгейде бекітіп, жас отбасы мен жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытын күшейтті. Ал 2022-2023 жылдары бұл саладағы ең ауқымды реформаның бірі жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде жастардың жас шегі 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтылып, Жастардың даму индексі енгізілді әрі жастар еңбек жасағының қызметі заң жүзінде бекітілді. 2026 жылғы өзгерістер жаңа экономиканың талабына бейімделуімен ерекшеленеді. Заңға жастарды креативті индустрияға тарту, шығармашылық кәсіпкерлікті дамыту және инновациялық жобаларды қолдау жөніндегі нормалар енгізілді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайдың айтуынша, заңның негізгі мақсаты – жас буынның рухани, мәдени, кәсіби және физикалық тұрғыдан жан-жақты дамуына жағдай жасау.
– Құжатта жастардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау, оларды әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірге тарту, азаматтық жауапкершілік пен қазақстандық патриотизмді қалыптастыру негізгі басымдық ретінде белгіленді. Сондай-ақ олардың қоғамдық өмірге қатысуына, еңбек нарығына бейімделуіне және жұмыспен қамтылуына кең жол ашылған, – дейді депутат.
Дегенмен бұл саланың тиімділігі қабылданған заң мен бағдарламаның санымен ғана өлшенбейді. Нақты нәтиже жастардың қоғамдағы орны мен өз әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігі арқылы көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның демографиялық әлеуеті ерекше назар аудартады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, бүгінде елімізде 14 пен 35 жас аралығындағы азамат саны 5,8 миллионнан асады. Яғни, Қазақстан халқының шамамен әрбір үшінші тұрғыны – жастар. Бұл көрсеткіш мәселенің тек әлеуметтік салаға ғана қатысты емес, елдің ұзақмерзімді дамуына тікелей ықпал ететін маңызды фактор екенін аңғартады.
Әлемдік тәжірибе де осыны дәлелдейді. Үндістан, Нигерия және Пәкістан секілді мемлекеттер жастардың көп болуын жай ғана демографиялық көрсеткіш емес, ұлттық дамудың маңызды артықшылығы ретінде бағалайды. Өйткені жас буынның үлесі жоғары қоғам үлкен мүмкіндікке ие болады. Егер бұл әлеует сапалы біліммен, тиімді жұмыспен қамтумен және кәсіпкерлікті қолдаумен ұштасса, ол экономикалық өсімнің қуатты драйверіне айналады. Сарапшылар мұны «демографиялық дивиденд» деп атайды.
Қазақстан үшін де бұл бағыттың маңызы зор. Өйткені жастардың саны ғана емес, олардың қай өңірлерде шоғырланғаны да мемлекеттік саясаттың басымдығын айқындайды. Өңірлік бөлініске назар аударсақ, жастар ең көп шоғырланған аймақтың қатарында Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда 712 мыңнан астам жас тұрады. Екінші орында 671 мыңнан астам жасты біріктіретін Түркістан облысы. Сонымен қатар Астана, Алматы облысы және Шымкент алғашқы бестікті түйіндейді.
Ал Түркістан, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облысы халық санының табиғи өсімі жоғары өңір ретінде ерекшеленеді. Демек, алдағы жылдары еңбек нарығына келетін жас буынның қатары да арта түседі. Сондықтан мұнда сапалы білімге қолжетімділікті кеңейту, техникалық және кәсіптік даярлау жүйесін жетілдіру, ауыл жастарының цифрлық сауатын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру басым бағыт болып қала береді.
Әлеуметтанушы Айнүр Анарбектің пікірінше, қазіргі жастардың құндылығы мен сұранысы айтарлықтай өзгерген.
– Бүгінгі жастардың басты сұранысы әлеуметтік көмек емес, мүмкіндік. Олар сапалы білім алғысы келеді, кәсіби тұрғыдан өсуді қалайды, кәсіп бастауға ұмтылады және қоғам өміріне белсенді араласқысы келеді. Сондықтан мемлекеттік саясаттың негізгі міндеті жәрдемақы көлемін ұлғайту емес, олардың әлеуетін ашатын орта қалыптастыру болуға тиіс. Әсіресе, өңірлер арасындағы теңсіздікті азайту маңызды. Себебі талантты жастардың болашағы оның қай жерде туғанына емес, қандай мүмкіндік алғанына байланысты болуы керек, – дейді сарапшы.
Бұл пікірді жастармен тікелей жұмыс істейтін мамандар да қолдайды. Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Наурызбай Орынбасаровтың айтуынша, жастар кеңесі мен жастар мәслихаты формалды құрылым емес, қоғамдық ықпал ете алатын институтқа айналуы қажет.
– Стартап пен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту арқылы жастарды креативті индустрияның басты қозғаушы күшіне айналдыру маңызды. Мемлекет оларға жұмыс іздеуді ғана емес, жаңа жұмыс орнын құруды да үйретуі керек. Әсіресе, ауыл жастарына арналған цифрлық және кәсіпкерлік инфрақұрылымды дамыту өзекті. Өйткені Қазақстанның ең үлкен адами капиталы ауылдық жерде шоғырланған, – дейді ол.
Шын мәнінде, қазіргі жастардың басты сұранысы бұрынғыдай тек әлеуметтік қолдау емес. Олар сапалы білім алуға, жаңа дағды меңгеруге, кәсіп ашуға, технологиялық өзгеріске бейімделуге және қоғамдық өмірге белсенді араласуға ұмтылады. Сондықтан мемлекеттік саясат та осы қажеттілікке жауап беруге тиіс.
Қазір әлемде еңбек нарығы түбегейлі өзгеріп жатыр. Жасанды интеллект, цифрлық технология, автоматтандыру және креативті индустрия жаңа мүмкіндікпен қатар жаңа талап та қалыптастыруда. Мұндай жағдайда мемлекет жастарға дайын шешім ұсынудан гөрі олардың бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасауы қажет. Өйткені ертеңгі экономиканың табысы бүгінгі жас буынның білімі мен қабілетіне тікелей байланысты.
Сондықтан жастар саясатының тиімділігі берілген жеңілдіктің көлемімен емес, олардың өз әлеуетін қаншалықты жүзеге асыра алғанымен өлшенуге тиіс. Өйткені миллиондаған жастың тағдыры – Қазақстанның алдағы ондаған жылдағы даму бағытын айқындайтын маңызды көрсеткіш.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ