Даннинг-Крюгер «дертінен» аманбыз ба?

19 маусым, 2026 / Túrkіstan IPW
сурет: istockphoto.com

Қазір әлеуметтік желі бетін аша қалсаңыз ақыл айтатын «ақылмандардан» аяқ алып жүргісіз. Бір курс сатып алып, оқып кеңес беретін псевдопсихологтар, физика мен космос жайында уағыз айтатын молдалар, тарих жөнінде айтатын әлеуметтанушылар, қалай баю керек екенін үйрететін коучтар – бүгінгі заманның «ақылмандары».  Тренинг өткізіп ақылын ақыға сататындар да жетерлік. Дегенмен олардың айтқан ақылдарының рас, өтірігін  бағамдап, ой таразысына салып, сыни ойлау жүйемізді қосып, сараптау бізге артылған жүк болмақ. 

Сонау бір заманда бір поэзия өнерінен аса хабары жоқ ортақол ақынның «Пат­шаға арнап ғажап туынды жаздым. Осы туын­дымды хан қақпасының алдына іліп қойсам деймін» дегенде қасындағы атақты бір ақын «Сол туындыңның қасына өзіңді де іліп қоюыңа кеңес беремін» дейді. Сонда әлгі «не үшін?» деп сұрағанда «осынау «ғажап» туындыңызды сіздің шығарғаның­ыз­ды хан ием білуі керек емес пе?» деген екен. Иә, қаншама ғасырлар бойы кем­талант өз «дарынын» жоғары бағалағанына куә болып келеміз. Мұндай жағдай барлық салада кездеседі. «Мен ештеңе білмейтінімді білемін» деген грек данышпаны Сократ секілді  өзіңнің білмейтініңді білу үшін де білімпаз болуың керек, демек. Ал біз өзіміздің білмейтінімізді білеміз бе?! Күм­әніміз бар. Бұған әлеуметтік желідегі аспан­дағы жұлдыздан көп ақылшылардың біл­мей­тінін біреуге үйреткісі келгенін мысал етсек болады. Иә, әдетте, тәжірибесіз адам­дар өзінің қабілетін асыра бағалайды. Керісінше, тәжірибелі адамдар, өз мүмкін­дігін төмендетуге бейім. Бұл ретте Қытай данышпаны Лао Цзы «Білген айтпайды, айтқан білмейді» деп нақтылай түседі. Дегенмен осы бір құбылыстың психоло­гия-
да атауы да бар болып шықты. Ол қан­дай құбылыс десеңіз, лирикалық шегініс жасайық... 

Даннинг-Крюгер эффектісі қалай пайда болды?

1995 жылғы сәуірде америкалық Пит­тсбургтегі екі банк тонады. Бір таңғалар­лығы, ол тіпті жүзін жасыруға тырыспады. Тіпті, ол әр банктен шығар кезінде бейне­бақылау камераларына қарап жымиған да екен.  Банкте емін-еркін ешқандай бетпер­десіз ойран салған қылмыскерді полиция лезде қолға түсіреді.  Кейін белгілі болған­дай бұл Макартур Уилер деген қылмыскер болып шықты. Бір күн өтпей сол күні түнде қолға түскен қылмыскердің сондағы таңданысында шек жоқ еді. Өз қылмысын мойындамай қанша тулағанымен  ақыры оған камералардың бейнежазбасын көр­сеткенде ғана сабасына түскен екен. Ол  «менің бетімде лимон шырыны болған еді ғой», – деп  міңгірлей беріпті.  Уилер теріге лимон шырынын жағып алу бейнебақылау камераларынан қорғайды, камерадан көрінбейді деп ойлаған сыңайлы. Лимон шырыны көрінбейтін сия ретінде пайда­ланылады емес пе, осы себепті Уилердің ойынша, ол бейнекамераға көрінбеуі керек еді. Бұл гипотезаны сынау үшін қылмыскер тонау алдында Polaroid-те бірнеше суретке түсіп те көрген екен. Бір таңғаларлығы, фотосуретте оның жүзі шынымен көрін­беген. Кейінірек, тәртіп сақшылары мұның да сырын анықтады.  Сынақ барысында ли­мон шырыны қылмыскердің көзіне тамып кетеді. Көзі ашып, абыржыған Уилер өзін суретке түсіруде қалт кеткен екен. Демек, бос бөлмені түсірген. Полиция ақыры Уилердің есі ауыспаған және есірткі қолданбаған,  бар болғаны ақымақтығымен қателесті деген тұжырым жасады.
Кейіннен Корнеллдегі психология про­фессоры Дэвид Даннинг пен оның аспи­рант­тарының бірі Джастин Крюгер бұл құбылыстың керемет мысал екенін түсінді.  Бұл құбылысты олар 1999 жылы зерттеп, ғылыми негіздеген. Зерттеушілер тобы студенттер арасында әзіл-оспақ,  логикалық ойлау және грамматика бойынша тесттер өткізеді. Қатысушыларға нәтижелерін көр­сетпес бұрын, Даннинг пен Крюгер олар­дан өз жұмыстарын пайызбен бағалау­ды сұрады. Барлық үш сынақта ең төменгі балл жинаған студенттер (шамамен 15%) өз нәтижелерін 50% жоғары бағалайды. Ал ең жоғары нәтижелерге қол жеткізген қатысу­шылар болса өздерін жоғары бағаламай, керісінше қарапайымдылық танытыпты. Сосын ғалымдар «қабілетсіз адамдар өз­дері­н­ің қабілетсіздігін түсіне ала ма?» деген сұраққа бастарын қатырады. Осылайша, бұл мәселені шешу үшін ғалымдар ең төменгі балл жинаған қатысушыларды қайта шақырады. Оларға енді басқа сту­дент­тердің сынақтарын бағалау ұсыны­лады, содан кейін бастапқы тестілеу нәти­желерін қайта сараптау тапсырылады. Олар өздерінің қабілетсіздігін мойын­дамағаны­мен қоймай, керісінше өздеріне одан да жоғары ұпай береді. Келесі зерттеу­лерінде Даннинг пен Крюгер зертханадан шығып, мылтық атып машықтанатын жерге барады. Ол жерде олар мылтық атуға әуестене­тіндерден қарудың қауіпсіздігі туралы сұрайды. Зерттеу барысында ал­дыңғы сынақтардағыдай атыс қаруы жөн­індегі сұрақтарға ең көп қателескен қа­тысу­шылардың өз білім деңгейін айтар­лықтай асыра бағалайтыны анықталды. Ақыры, ғалымдар «Өзінің біліксіздігін аңғар­майтын адамдар: құзыретсіздігін мойын­даудағы қиындықтардың өзін-өзі асыра бағалауға әсері» атты мақаласын жария­лады. Ақырында, психологияда Даннинг-Крюгер эффектісі деген жаңа  термин пайда болды. 
Терминге байланысты тағы бір мысал. 2016 жылы Мэрил Стриптің «Примадонна» фильміндегі кейіпкерді еске түсіріңізші. Америкада ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген Флоренс Фостер Дженкинс есімді ханым­ның көк түйір таланты, тіпті қабіл­еті бол­маса да өз дәуірінің әйгілі әншісі һәм пиан­исткасы болды. Өйткені өзінің ғажай­ып «дарынына» сенімді болғаны сонша, өзін күлкіге айналдырған тыңдармандарын оның ғажап талантын көре алмайды деп қабылдаған. Әкесінің басқа мамандық таңда деп берген кеңесіне қарамастан, Флоренс бар байлығын өз концерттерін ұйымдастыруға және оны жарнамалауға жұмсады. Айналасының оны «барлық дәуір­лердің ең дарынсыз опера әншісі» дегеніне қарамастан ол әйгілі болды. Оның репертуарында Моцарттың, Вердидің, Брамс пен Штраустың туындылары болды. Ол әнді ешқашан нотаға сай орындамайтын және байғұс аккомпианаторлары оның сандаған қателігін, жарықшақ дауысын жасыра­мыз деп шаршайтын. Халық оның жексұрын дауысын тыңдап, күлкіге қарқ болу үшін ғана концерттеріне топырлап жиналатын.  Қалай дегенмен де Флоренс өз арманына жетті. Ол мыңдаған көрер­мен­­нің алдында концерт берді және танымал болды. Ол өлгеннен кейін осынау ерекше әнші туралы деректі және көркем фильмдер түсірілді. Абайдың «Арсыз болмай атақ жоқ» дегені осындайда еске түседі.     

«Болған жігіт болдым демес»

Даннинг-Крюгер эффектісіне сәйкес, тәжірибесіз адамдар қате тұжырым жасап, сәтсіз шешім қабылдайды. Олар өзінің сәтсіздіктері қате шешім мен тә­жірибе­сіздіктің нәтижесі екенін түсінбейді және өздерінің «ергежейлі» қабілетіне сенеді. «Әдетте, түсінігі таяздар көп білеміз деп ойлайды, ал мүлде ақылынан айырылғандар бәрін білеміз деп ойлайды» деген Дж. Бруно ойы осы көріністі сипат­тайды. Ал тәжіри­белі адамдар, қабілетін адекватты бағалап, өз дағдыларына сәл күмән­дануға бейім. Олар басқалар ыжда­ғат­ты­лықпен үйренсе өздері жасай алатын нәрсені олар да оңай меңгеріп алатынын біледі. Бұл ретте «Адамның шығу тегі» кіта­бында Чарльз Дарвин «Надандық білімнен гөрі сенім­ділікті жиірек тудырады» десе,  Бертран Рассел: «Біздің әлемнің қиыншы­лығы – ақымақ адамдар тым сенімді, ал ақыл­ды адамдар күмәнданғыш», деп нақ­ты­лайды.  Өз «таланттары» мен «тәжірибе­леріне» тым сенімді жандардың күлкіге қалып жатқа­нын өмірде жиі байқауға болады. Бұл барлық салада бар. Спортта танымал кәсіп­қой боксшыларды жекпе-жекке шақырған әуесқойлар жетерлік. Кездесудің қандай нәтижемен аяқталғаны да көпке таныс. Біз жоғарыда өзін зор, өзгені қор санайтындар туралы сөз еттік. Енді монетаның екінші жағына қарай ойыссақ. 
Кей жағдайда Даннинг-Крюгер эффек­тісі адамның өз мүмкіндігін кем бағалауы­мен де көрінеді. Бұл әдетте білімді мен та­лант­тылар арасында жиі көрініс табады.  Мұндай адам өзінің құзыреттілігін жет­кілікті түрде бағалай алмайды. Мұндай син­дро­мы бар адам өзін-өзі бағалаудың төмендігінен зардап шегіп,  өз білімін жет­кіліксіз деп санайды, айналадағылардың бәрі сауатты деп ойлайды.  Айырмашылығы сол, біліксіз адамдарға қарағанда шынымен білімдар адамдар басқалардың сынауынан қашпайды және кері байланыс жасап қателігін түзетіп отыруға қауқарлы. Себебі олар Конфуций айтпақшы, «Нағыз білім – өз надандығыңның деңгейін білу» деген қағиданы ұстанатындар. Мұны қазақ бір ауыз сөзбен «Болған жігіт болдым демес, болдым десе болғаны емес» деп қысқа қайырады. 

Ақылы «ақыл» заманы

Қазір мына ғаламтордың салтанат құр­ған ақпараттық қоғамы «ақылман­дардың» дәуренін жүргізіп тұр. Ұялы телефон арқылы ақылды кейіп танытып, бір жөткірінсеңіз заматта миллиондаған адам тыңдаушыңызға айналады. Дегенмен біз өзіміз жетік білетін саламызда ақыл айтып жүрміз бе? Бір ғана мысал.  2020 жыл. Аты жаман ауру ғаламның апшысын қуырып тұрған шақ.  Елді еңіреткен індет лезде таралып, халықтың тынышы қашқан кезде әлеуметтік желі арқылы індеттен қорғану мен емделуге арналған ақыл-кеңестерде есеп болмады.  Бірі «қойдың құйрығын жеу керек» десе, бірі «шұбат пен қымыз ішкен пайдалы» дейді, енді бірі «лимон мен інжірді көп тұтыну керек» десе, келесі бірі «сарымсақ пен пияздан өзіңізді шектемеңіз» десіп жатты.  Осы толған ақыл-кеңестер өз жемісін берді ме? Бұған нақты жауап беру қиын. Ал зияны болды ма деген сұраққа дәрігерлер тарапы жауап беріп жатты. Бұрыннан сыр­қаты бар дімкәс жандардың құйрық майды шамадан тыс пайда­лан­ғанынан жүректері ауырып, мазасыз күй кешкендері, ал сарым­сақты жиі әрі көп мөлшерде тұтынғаннан олардың асқазан­дары сыр берген. «Осын­дай жаттығу жасаңдар!» деген кеңестерді қолданған жүрек-қан тамыры ауруымен ауыратындар одан бетер дәрменсізденіп қалған. Әлеумет­тік желілерден келіп жат­қан қойдың құйры­ғының пайдасы жайын­дағы кеңес біздің халқымызға бұрыннан белгілі. Десек те, қойдың құйрығын қант диабеті, артериялық гипертензия, жүрек-қан тамырлары секілді созылмалы ауруы бар адамдарға тұтынуға болмайды. Сарым­сақ туралы да солай айтуға болады. Оның құрамындағы аллицин жүрек-қан тамыр­лары жүйесінің жұмысын жақсартқанымен, оны шамадан тыс көп жеу қауіпті. Өйткені адамның одан улануы мүмкін. Айталық, адам сарымсақты аш қарынға жемегені жөн. Ал асқазаны ауыра­тындар ауруы ас­қын­ған кезде сарымсақты мүлде пайдалан­бағаны дұрыс. Рас, әр адамның ағзасы да, жасы да әртүрлі. Бірақ «сарымсақ – пайда­лы» деген кеңеске сақтықпен қараған жөн. Оны жиі, әрі көп тұтынғаннан ішке газ жиналып, жүрек айниды, бас ауырады. Тіпті, дене қызуы да көтеріледі. Сондықтан, қай емнің де пайдалы-зиянды жағын ескере жүрген абзал дейді дәрігерлер. Міне, бұл бір ғана жағдайда айтылған кеңеске бір ғана маманның бірген жауабы. Демек, кез-келген мәселеде өз саласының білгірі­нен кеңес алған жөн.

Бүгінде «Кітапты кедей адамдар оқиды», «Мерседесті молдалар ойлап тап­қан» деген ойын ортаға салған ақылгөйлерді аз байқап жүрген жоқ­пыз.  Бұларды ақпараттық алаяқ деп ат­ау­ы­мызға да болады. Себебі бұл ақпараттарға имандай сенетін қауым тағы бар. Мұндайда С.Батлердің «Жарық дүниеде алаяқтардан да ақымақтар көп, өйтпегенде алаяқтардың өмір сүруіне ешбір себеп болмас еді», деген сөзі еске түседі.  «Өзінің ақымақтығын білген адамды данышпанға тең десе де болғандай. Ал өзін данышпанға балаған ақымақ – шын мәніндегі ақымақ» деген ғұлама сөзі мен «Дүниеде ең оңайы – біреуге ақыл айту, ең қиыны – өз-өзіңді жөнге салып, өзіңді-өзің түсіну», – деген әл-Фарабидің сөзін естен шығармағанымыз абзал. Ал біз өзіміздің ақымақ­ екенімізді білеміз бе?!

Наурызбек САРША

Тэгтер:

қоғам психология Даннинг-Крюгер