Тіл құдіреті

Бүгін, 14:00 / Túrkіstan IPW
сурет: istockphoto.com

XXI ғасырда тіл жай ғана қарым-қатынас құралы емес. экономиканың, білімнің, технология мен геосаясаттың негізгі тетігіне айналды. Бүгінде әлемде ең кең таралған тілдер қатарында араб, испан, хинди, қытай және ағылшын тілі бар. Соның ішінде ағылшын тілінің үстемдігі айқын сезіледі. Себебі бұл тіл ғылым мен инновацияның жаһандық құралына айналып отыр. 2026 жылғы EF English Proficiency Index (EF EPI) рейтингісі осы үрдісті тағы бір мәрте нақты дәлелдеді. Әлем елдеріндегі ағылшын тілін меңгеру деңгейін саралаған бұл зерттеу жаһандық теңсіздіктің жаңа қырын ашып берді.

Рейтингінің алғашқы орнына көз салсақ, көш басында Нидерланд 636 балмен бірінші тұр. Одан кейін Норвегия, Швеция және Дания секілді скандина­виялық мемлекеттер ілеседі.
Бұл елдерде ағылшын негізгі тіл емес, екінші жұмыс тілі. Балалар мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап ағылшын тілімен бірге өседі. Телеарна мен интернетте дубляж сирек, контент түпнұсқада ұсынылады. Нәтижесінде, тіл  теория емес, күнделікті тәжірибеге айналған.
Рейтингінің жоғары санатында Гер­мания, Польша, Филиппин сияқты елдер бар. Бұл елдерде ағылшын тілі – ман­саптың негізгі құралы. Әсіресе, Филип­пин тәжірибесі ерекше. Мұнда ағылшын мемлекеттік тілдің бірі ретінде білім беру жүйесіне толық интеграцияланған. Соның арқасында колл орталықтар және цифрлық қызмет көрсету сала­сында әлемдік хабқа айналды.
Орта деңгейдегі елдер қатарында Франция, Италия және Оңтүстік Корея бар. Бұл мемлекеттерде ағылшын тілін үйренуге сұраныс жоғары болғанымен, ұлттық тілдің басымдығы сақталған. Мұндай елдерде басты мәселе – моти­вация емес, тілдік орта. Яғни, адам ағыл­шын тілін үйренгісі келеді, бірақ оны күнделікті қолданатын кеңістік ше­ктеулі.
Оңтүстік Африка Республикасы, Кения және Нигерия ағылшын тілін меңгеру деңгейі жоғары елдердің қатарына кіреді. Бұл мемле­кет­тердің халықаралық рейтингіде алғашқы отыз­дыққа енуі кездейсоқ құбылыс емес, тарихи, саяси және әлеуметтік фактор­лардың нәтижесі.
Ең алдымен, бұл елдердің барлығы – Англияның бұрынғы отарлары. Соның әсерінен ағылшын тілі мемлекеттік басқару, білім беру және құқықтық жүйенің негізгі тіліне айналды. Мысалы, Оңтүстік Африка Республикасында ағылшын тілі ресми 11 тілдің бірі болға­ны­мен, бизнес пен жоғары білімнің негізгі коммуникация құралы ретінде орныққан. Университеттерде көбіне ағылшын тілінде білім беріледі. бұл жастардың тілдік құзыретін ерте жастан қалыптастырады. Ал Нигерияда ағыл­шын тілі этникалық әртүрлілікті бірік­тіретін фактор ретінде қызмет етеді. Елде жүздеген жергілікті тіл бар, сондықтан ағылшын тілі ортақ байланыс құралына айналған. 
Бір қарағанда тосын көрінетін жайт – әлемдік экономиканың алпауыт­тары саналатын Қытай (91-орын) мен Жапон­ия­ның (92-орын) төмен пози­цияда тұруы. Бұл елдердің ішкі нарығы кең, эко­номикалық жүйесі өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Сондықтан ағыл­шын тіліне деген қажеттілік салыстыр­малы түрде төмен. Яғни, ішкі ресурс сырт­қы коммуникация сұраны­сын тежейді.
Ал Орталық Азия елдерінің жағдайы күрделі. Өзбекстан (98-орын) мен Қазақстан (103-орын) «өте төмен» дең­гейде. Қазақстанның 427 балл жинауы – ағылшын тілін базалық деңгейде түсіну бар болғанымен, еркін коммуникация дағдылары әлсіз екенін көрсетеді. Бұл – жүйелі мәселе. Біріншіден, оқыту әдіс­темесі ескірген, грамматикаға басымдық беріліп, сөйлеу дағдысы екінші орынға ығысқан. Екіншіден, тілдік орта жет­кіліксіз. Үшіншіден, ағылшын тілі көбіне емтихан пәні ретінде қабылданып, өмірлік құрал ретінде қалыптаспаған.
Халықаралық зерттеулер бір заңды­лықты анық көрсетеді: ағылшын тілін жетік меңгерген елдерде шетел инвес­тициясы көп, стартап экожүйесі дамы­ған, еңбек нарығы ашық әрі икемді. Сингапур – соның айқын дәлелі. Бұл ел ағылшын тілін стратегия­лық құралға негіздеп, Азиядағы қаржы және техно­логия орталығына айналды.
Дегенмен бұл үрдіс бір маңызды сұрақты алға шығарады: жаһандану жағ­дайында ұлттық тілдің тағдыры қандай болуы керек?
Жауап – тепе-теңдік керек. Қазақ тілі – ұлттық бірегейліктің, мәдени кодтың, тарихи жадтың өзегі. Ол тек тұрмыстық деңгейде емес, ғылымда, технологияда, медиа мен бизнес сала­сында толық­қанды қолданылатын тілге айналуы тиіс. Бұл – мемлекеттің стра­тегиялық міндеті.
Ағылшын тілін елемеу – өзімізді шектеумен тең. Өйткені бүгінгі әлемде ақпараттың басым бөлігі, ғылыми жаңалық пен технологиялық шешімдер дәл осы тілде шығады. Яғни, ағыл­шын тілін меңгеру – бәсекеге қабілет­ті болу­дың шарты.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Тэгтер:

тіл