Астанада учаскелік полицей 8-қабаттан секірмек болған әйелді құтқарып қалды

Бүгін, 11:24 / Алуа Арман
polisia.kz

Елордада учаскелік полиция инспекторы тұрғынның өмірін құтқарып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қала тұрғыны көпқабатты тұрғын үйдің сегізінші қабатындағы ортақ балконның қоршауына шығып алған әйелді байқап, бұл туралы полицияға хабарлаған. Ақпарат осы әкімшілік аумаққа жауапты учаскелік полиция инспекторына жеткізілген.

Учаскелік полиция инспекторы Рахметолла Нұрымов оқиға орнына санаулы минут ішінде жетті. Ол бірден әрекетке кірісті. Алдымен сырттан әйелмен сөйлесіп, онымен байланыс орнатуға, сабырға шақыруға және жоғары қабатқа көтерілгенше уақыт ұтуға тырысты.

Кейін инспектор сегізінші қабатқа көтеріліп, қолайлы сәтті пайдаланып, әйелді балконның сыртқы жағынан қауіпсіз аймаққа тартып шығарды. Қазіргі уақытта әйелдің өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Дәл осы учаскелік полиция инспекторының жедел әрі батыл әрекеті қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік берді. Мұндай сәтте әр минут маңызды, ал қызметкердің кәсібилігі орны толмас жағдайға жол бермеді.

Тэгтер:

полицей секіру 8-қабат