Тараз қаласының прокуратурасы инвестициялық жобаларды іске асыру барысында инвесторлардың құқықтарының бұзылу фактілерін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Атап айтқанда жергілікті атқарушы орган құны 3 млрд теңгені құрайтын тракторлар мен комбайндар шығаратын зауыт құрылысы жобасын жүзеге асырып жатқан «Kaz FMWORLD Agricultural Machinery» ЖШС-не сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруден негізсіз бас тартқан.
Сонымен қатар құны 14 млрд теңгені құрайтын қант зауытын салу жөніндегі «ТСЗ» ЖШС-нің инвестициялық жобасын сүйемелдеу барысында электр желілеріне қосылуға берілген техникалық шарттарға инвесторға қосымша қаржылық шығындар жүктейтін негізсіз талаптар енгізілген.
Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде заң бұзушылықтар жойылып, инвесторлардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, ал кінәлі лауазымды тұлғалар заңнамада белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тартылды.
Жыл басынан бері Таразда инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан 9 инвестордың құқықтары қорғалды.
Әкімшілік кедергілерді жою және өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Жамбыл облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды 8 (775) 891-25-52 байланыс телефоны арқылы немесе 115 Call-орталығына хабарласуға шақырады.