Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха қаласында танысынан ақша мен мүлік талап етті деген күдікпен жергілікті тұрғын ұсталды.
Алдын ала мәлімет бойынша, 39 жастағы ер адам 2023 жылдан бері күш қолданамын деп қорқытып, жәбірленушіден ақша алып отырған.
«Келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен 2,5 миллион теңгені құраған», – деп хабарлады полиция.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті жәбірленушіден өзіне тиесілі Volkswagen Passat автокөлігін сатуды талап еткен. Мәміле жүзеге аспаған соң одан 1 миллион теңге беруді талап еткен.
Заңсыз әрекеттер салдарынан жәбірленуші қомақты қаражатынан және мүлкінен айырылған.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
«Полиция азаматтарды кез келген заңсыз әрекет үшін заңда белгіленген жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді», – делінген хабарламада.