Ұлыбританияда дәрігерлердің қателігінен 32 жастағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қатерлі ісіктің жазылмайтын түріне шалдыққанын кеш білген. Салауатты өмір салтын ұстанған әйел бір жыл бойы тамағы ауыратынын айтып, дәрігерлерге бірнеше рет жүгінген. Алайда мамандар оған толық тексеру жүргізудің орнына антидепрессанттар мен қыжылға қарсы дәрілер жазып берген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Mirror басылымының мәліметінше, Виктория Родуэллдің денсаулығында алғашқы белгі 2024 жылдың қыркүйегінде байқалған. Ол тамақ ішкен сайын астың тамағында тұрып қалғандай сезім болатынын айтқан. Бұл жағдай оның тәбетіне де, салмағына да әсер еткен.
Уақыт өте тамағындағы ауырсыну күшейе түскен. Бірақ әйел қанша рет медициналық көмекке жүгінсе де, оған қажетті ем-дом жасалмаған. Дәрігерлер оның шағымын қыжылмен байланыстырып, асқазан қышқылына қарсы дәрілер мен антидепрессанттар тағайындаумен шектелген.
Тек 2026 жылдың қаңтарында Виктория тұншығып қала жаздағаннан кейін ғана оған нақты диагноз қойылған. Тексеру нәтижесінде әйелдің өңеш қатерлі ісігінің төртінші сатысына шалдыққаны анықталды. Бұл кезде ауру асқынып кеткендіктен, дәрігерлер оны жазылмайтын дерт деп таныған.
Қазір Виктория 12 курс химиотерапиядан өтуі керек. Сонымен қатар ол стероидтар мен түрлі дәрілер қабылдап, инъекция жасатуға мәжбүр. Емнің жанама әсерінен оның қолы ұйып, мұрнынан қан кеткен, денесі жиі тоңып, күн сайын қатты әлсіздік сезінеді.
"Егер ауруды алғашқы шағымымнан кейін бірден анықтағанда, қазір әр күнім соңғы күнім болуы мүмкін деп қорқып отырмас едім. Мен енді ешқашан балалы бола алмаймын, қалыпты өмір сүруге мүмкіндік те қалмады. Бұрын спортпен шұғылданатын, дені сау, темекі тартпайтын адам едім. Ал қазір әлсізбін, жұмыс істей алмаймын және өз-өзіме тұйықталып қалдым", – деді Виктория Родуэлл.